Глазго университетінің зерттеуі: Қашағандағы апатты қазақстандық БАҚ елемеген

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қашағандағы апатты қазақстанды БАҚ неге елемеді / Фото: www.ncoc.kz, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары 2013 жылы Қашағанда болған ірі апатты бастапқыда елемеген. Energy Research & Social Science журналында жарияланған зерттеуде Глазго университетінің ғалымы Юлия Шваб осындай тұжырым жасайды. Зерттеу апаттың экономикалық қана емес, ақпараттық-саяси салдарын да ашып көрсетеді. Бұл жұмысқа Energy Analytics Telegram-арнасы назар аударған.

Глазго университетінің зерттеушісі Юлия Шваб Қашаған кен орнында 2013 жылы болған апатқа қатысты қазақстандық БАҚ қалыптастырған нарративтерді талдаған. Бұл апат кен орнындағы коммерциялық өндірістің басталуын 2016 жылға дейін кешіктірді.

Ресми медианың стратегиясы

Зерттеуде қазақстандық ресми БАҚ-тың үш кезеңдік стратегиясы сипатталады:

  • бастапқыда апатты елемеу;
  • апат себебін мұнай құрамындағы сутек сульфидінің (H₂S) көптігімен түсіндіру, ол мұнай құбырларында коррозия тудырғаны айтылды;
  • мемлекеттің рөліне және халықаралық консорциуммен (ENI, ExxonMobil, Shell, Total, CNPC, Inpex, ҚазМұнайГаз) әріптестікке баса назар аудару.

Бұл тәсіл апатты «табиғи факторлармен» байланыстыруға мүмкіндік берді.

Тәуелсіз медианың сыни көзқарасы

Ал тәуелсіз медиа жергілікті элита арасындағы байланысты атап өтіп, мердігерлердің қателіктерін атап көрсетті. Сонымен бірге ENI төңірегіндегі жанжал, ықтимал сыбайлас жемқорлық төлемдерін еске салып, билік пен трансұлттық корпорациялар арасындағы одақты сынға алды.

Апатқа мұнай «кінәлі» болды

Автордың айтуынша, мұнайдың материалдық сипаттары (сутек сульфидінің көп болуы) апаттың себебі ретінде қолданылды. Бұл тәсіл адам факторы мен жемқорлыққа қатысты сұрақтарды шетке ысырып, биліктің халықаралық мұнай компанияларымен серіктестігін сақтап қалуға мүмкіндік берді.

Экономикалық салдар

Зерттеу авторы экономикалық тұрғыда апат салдарынан Қазақстан мұнай бағасы жоғары болған кезеңдегі қомақты кірісінен айырылды деп тұжырымдайды. 2014–2015 жылдары мұнай арзандап, ел екі рет теңге девальвациясын бастан өткерді. Қашаған дағдарысы экономикадағы мұнайға тәуелділіктің әлсіз тұстарын айқын көрсетті.

Жобаның тарихы

Қашаған кен орнын игеру 1990-жылдары халықаралық мұнай компаниялары консорциумының құрылуымен басталды. Оның құрамына Agip/ENI, ExxonMobil, Shell, Total, ҚазМұнайГаз, CNPC және Inpex кірді. Жоба Қазақстан мұнай саласының флагманы және ел экономикасының тірегі ретінде қарастырылды. Алайда тәжірибелік-өндірістік кезеңнің (ОПР) іске қосылуы бірнеше рет кейінге шегерілді. 2013 жылдан 2016 жылға ауыстыру себептері апатқа байланысты болды.

2025 жылы Қашағанда 18 млн тонна мұнай өндіру жоспарланып отыр. Сонымен қатар Қазақстан NCOC консорциумынан кен орнындағы заң бұзушылықтар үшін 4,4 млрд доллар айыппұл талап еткен.

Сондай-ақ оқыңыз