Ербаян ем қабылдау үшін тағы да Түркияға ұшып кетті

Әскерде жарақат алып, сал болып қалған Ербаян Мұқтар емінің екінші курсын алу үшін ата-анасымен Ыстанбұлға ұшып кетті. Бұл туралы оның заңды өкілі Инга Иманбай мәлім етті.
Заңгердің сөзінше, ем шараларының екінші кезеңіне мемлекет үлкен көмек көрсеткен. Портал арқылы үш айлық қымбат әрі аса маңызды оңалтуға қаржы бөлген. Рейсті Ішкі істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігі бірлесіп ұйымдастырған.
Инга Иманбай Ербаянның ата-анасының атынан Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен ҚР ІІМ Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Қайрат Үмбетовке көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтқан.
«Ербаянға қатысты мемлекеттік құрылымдар дұрыс шешім қабылдап, көмек қолын созғанына шын жүректен қуаныштымын. Алда бізді Ербаянды аяғынан тік тұрғызып, оның даусын естуге жақындататын үш ай күтіп тұр», – делінген жазбада.
Заңгер оңалту жұмыстары әрі қарай да жалғасуы мүмкін, оған халықтан жиналған қаражаттың қалған бөлігі жұмсалуы ықтимал екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, Ербаян Мұхтар әскерде жүріп, бас-ми жарақатын алғаннан кейін, комаға түскен. Министрлік оның азаматтық емханада қаралуына рұқсат бергенімен, емхана біраздан соң сарбазды үйге шығарып жіберген. Осыдан кейін оның отбасы қазақстандықтардан көмек сұрап, Ербаянның еміне қаржы жинауға шот ашқан. Халық 140 млн теңге жинап берген. Осыдан соң оған Ыстанбұлда ота жасалған.