Тұрмысы жақсы көпбалалы отбасыларға мемлекеттен қосымша көмек көрсетілмеуі мүмкін

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Министр көпбалалы отбасыларға қатысты өзгерісті атады/фото: shtterstock

Елімізде тұрмысы жақсы көпбалалы отбасыларға мемлекеттен қосымша көмек көрсетілмеуі мүмкін. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтты.

Министр республикалық бюджеттен төленетін барлық төлем – зейнетақы, мүгедектік бойынша жәрдемақы, асыраушысынан айырылуына байланысты төленетін жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, «Батыр ана» атағын алған, басқа да ордендермен марапатталған әйелдерге төленетін жәрдемақы өзгермейтінін айтты.

Ал жергілікті атқарушы органның бюджеті есебінен көрсетілетін қолдау қайта қаралады.

«Ел бойынша жағдайды қарастырғанда, астанадан алыстаған сайын стандарт төмен екенін көреміз. Мысалы, Астанада кейбір санаттағы азаматтарға төлемдер жоғары көлемде жасалса, өңірлерде жергілікті атқарушы органдар тек республикалық бюджетпен шектеліп, қосымша қолдау көрсетпейді. Тек атаулы әлеуметтік көмек қана бар. Сондықтан қазір адамның әлеуметтік осал топқа жататын-жатпайтынын емес, нақты мұқтаж екеніне қарай қолдау көрсетуге көшуіміз қажет деп отырмыз», – дейді Жақыпова.

Яғни, адамның әл-ауқаты бағаланады. Егер ол шынымен белгілі бір қолдауға мұқтаж болса, ол қай санатқа жататынына қарамай көмек алуы қажет.

Министр мұның қалай бағаланатынына да мысал келтірді.

«Адам ауырып, 4 ай бойы еңбекке жарамсыз болып отыр делік. Ол қазір ешқандай санатқа жатпайды, мүгедектігі де жоқ, бірақ ол ешқандай қолдауға үміткер бола алмайды. Сондықтан егер адам қиын жағдайға тап болса, ешқандай санатқа жатпайтынына қарамай көмек көрсетуіміз керек», – дейді еңбек министрі.

Көпбалалы отбасыға қалай әсер етеді?

Министрдің айтуынша, адам басына ай сайын 200 000 теңгеден көп табыс түссе және ол отбасыда 2 немесе одан да көп жылжымайтын мүлік болса, отбасының көпбалалы екеніне қарамастан, олар қосымша қолдау алмайды.

Жақыпова көпбалалы отбасыға қандай көмек берілмейтінін де нақтылады. Ол – мереке күндеріне орай берілетін біржолғы төлем немесе мектепте сөмке, құрал-жабдық түрінде берілетін көмек.

«Ал барлық заңды төлем сақталады. Мәселен, 10 баласы бар көпбалалы отбасы мемлекеттен ай сайын әр балаға 15 000 теңгеден, жалпы 150 000 теңге алады. Бұл төлемдер бұрынғыдай жалғаса береді. Негізгі өзгеріс қосымша қолдауды нақты мұқтаж адамға жеткізуге бағытталған», – деп түйіндеді министр.

Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік қолдау шараларын тарату моделін сынақтан өткізіп жатқанын хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз