Қытай компаниясы Қазақстанның солтүстігінен оңтүстігіне электр желілерін жүргізбек

Қытай компаниясы Қазақстанның солтүстігінен оңтүстігіне дейін электр желілерінің құрылысын жүргізуге ниет білдіріп отыр. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Ақорда мәліметінше, Бейжіңде презижент Қасым-Жомарт Тоқаев China Energy Engineering Group компаниясының бас директоры Ни Чжэнмен кездескен.
Тараптар екі ел арасында бірлескен жобаларды дамыту мәселесін талқылаған.
Сонымен бірге кездесу барысында электр желілері инфрақұрылымын жаңғырту мен кеңейту мәселесі, дата-орталық салу, қалдықтарды қайта өңдеу арқылы электр қуатын өндіру салаларын дамыту мәселелері талқыланған. Компания елде электр желілерінің құрылысын жүргізуге қызығушылық білдірген.
«Energy China компаниясы Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігін жалғайтын тұрақты электр желілерінің құрылысын жүргізуге ниет танытып отыр. Сондай-ақ жаңартылатын энергетика жобаларын іске асыру мүмкіндігін қарастырады», – делінген Ақорда хабарламасында.
Energy China – Fortune Global 500 рейтингіне енген ірі халықаралық компания. Кәсіпорын жел, күн және жылу қуатын өндіру, ядролық энергетика, су үнемдеу мен гидроэнергетика салаларында жүзеге асырған ірі жобаларімен танымал.
Айта кетсек, Қытайдан Қазақстан экономикасына құйылған инвестиция көлемі 27 млрд долларды құрайды. Ал президенттің Қытайға сапары барысында, Қазақстан мен Қытай 15 млрд доллардың жобаларын жүзеге асыруға келісті.