2026 жылы жалақы мен зейнетақы көлемі қандай болады

Жалақы мен зейнетақы көлемі келер жылы қандай болатыны белгілі болды. Барлық көрсеткіш өседі деп күтіліп отыр.
Тек қана ең төменгі жалақы ғана өзгеріссіз қалмақ.
Құжатта не көрсетілген?
Келесі жылға арналған бюджет жобасында ең төменгі жалақы зейнетақы және АЕК мөлшері бекітілді.
«2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы «Ашық НҚА» сайтында жарияланды. Құжатта 2026 жылға арналған негізгі әлеуметтік есептік көрсеткіштер де көрсетілген.
Жалақы мен зейнетақы мөлшері қандай?
Егер заң жобасы қабылданса, 2026 жылы 1 қаңтардан бастап жалақы мен зейнетақы мөлшері мынадай болмақ:
- ең төменгі жалақы – 85 мың теңге (2025 жылмен салыстырғанда өзгеріссіз),
- төменгі зейнетақы – 69 049 теңге (+6 278 теңге),
- төмен мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі – 35 596 теңге (+3 236 теңге),
- айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 4 325 теңге (+393 теңге),
- негізгі әлеуметтік төлемдерді есептеуге арналған ең төменгі күнкөріс деңгейі – 50 851 теңге (+4 623 теңге).
Кімдердің зейнетақысы өседі?
Жасына байланысты зейнетақы мен еңбек сіңірген жылдары үшін берілетін зейнетақы төлемдері 2026 жылы 10%-ға артуы тиіс. Бюджет жобасын талқылау 3 қыркүйекте аяқталады.
Қазақстандықтардың зейнетақысы бірнеше бөліктен тұрады. Олар – бюджеттен төленетін базалық зейнетақы, 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі барларға арналған ынтымақты зейнетақы және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін жинақтаушы зейнетақы.
Ереже қатаңдайды
Бұған дейін Еңбек министрлігі Әлеуметтік кодекске түзетулер пакетін әзірлегені хабарланған. Ол зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау ережелерін қатаңдатуды көздейді.
Негізгі тармақтардың бірі – Қазақстанда тұрақты тіркеуі жоқ азаматтарға төлемдердің тоқтатылуы. Мұндай адамдардың саны елде 100 мыңнан асады.
Мұның алдында кімдердің зейнетақы мен жәрдемақыдан қағылуы мүмкін екенін жазған едік.