«Хасан Қасымбаев резонанстың құрбаны»: адвокаттар іс біржақты қаралып жатқанын айтты

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Хасан Қасымбеков резонанстың құрбаны - адвокаттар істегі құқықбұзушылықтар туралы
«Хасан Қасымбаев резонанстың құрбаны»: адвокаттар іс біржақты қаралып жатқанын айтты / фото: KursivMedia

Бірнеше қылмыстық іс бойынша айыпталып жатқан талғарлық Хасан Қасымбаевтың қорғау тарапы Алматыда баспасөз конференциясын өткізіп, істе ашық заңбұзушылықтар тіркелгенін, Қасымбаев қоғамдық резонансқа бола қудаланып жатқанын мәлімдеді.

«Біржақты картина»

Адвокат Гүлмира Бабажанова аталған қылмыстық істе қоғамға біржақты картина көрсетіліп жатқанын айтады.

«Баса назар аударғым келетіні, бірінші сот отырысында процесс ашық болған. БАҚ өкілдері сот залында отырды. Алайда кейін журналистерді залға кіргізбей, бөлек залға ауыстырды. Ол жерде ештеңе естілмейді, процестен толыққанды хабар тарату мүмкін емес. Енді бізде сұрақ туындайды: неліктен БАҚ өкілдерінің қатысуы шектеледі, неліктен оларды процесті тікелей бақылау мүмкіндігінен айырады. Біз бұл – басты сот талқылауының жариялылығын өрескел бұзу деп санаймыз», – дейді ол.

Заңгер, Қасымбаевтың қоғамдық қорғаушысы Қуат Ауғанбектің сөзінше, іс Хасан Қасымбаевты айыптау бағытымен, біржақты жүргізіліп жатыр.

«Бұл жерде тергеушілер де, басқалар да резонансқа сүйініп отыр. 1Резонанс болды, қамау керек1 дегенді ұстанып отыр. Кінәсіздік презумпциясы, конституциямыз қайда қалды. Резонанс болды екен деп қылмыстық-процессуалдық кодексте жоқ нәрсеге сүйеніп, еш дәлелсіз, бір тал арызбен адамның тағдырын осылай шешіп отыр. Хасан Қасымбаевты ұйымдасқан қылмыстық топ жетекшісі дегендер бір де бір дәлел әкелген жоқ. ҰҚТ туралы айтылып жатқан нәрсені кейбір күштердің арандату мақсатында ұйымдастырып жатқан арам пиғылы деп баға беремін. Хасанды бірінші марқұм Шерзаттың ісімен байланыстырғысы келіп, онымен байланыстыра алмады. Кейін әлеуметтік желі арқылы оны қаралады. Жалпы айтқанда Хасан Қасымбаев резонанстың, жалған ақпараттың құрбаны болып отыр», – деген ол кейбір күштер дегенде кімдерді меңзегенін ашып айтпады.

«Ешқандай жаңа мән-жайлар жоқ»

Ал адвокат Ерлан Мендешев осыдан үш жыл бұрын Қасымбаевқа қатысты қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылып, мұрағатқа кеткен істі жандандыруға себеп болатындай «ешқандай жаңа мән-жайлар жоқ» деп отыр.

«Хасан Қасымбаевтан 2021 жылы сотқа дейінгі тергеу аясында жауап алынып, оның қатысы тексеріліп, қылмыс құрамының табылмауына байланысты Талғар ауданы Полиция басқармасы түріндегі тергеу органы оған қатысты істі тоқтату туралы қаулы шығарған. Талғар аудандық сотында Қасымбаевтан жауап алынып, сот істі тоқтату туралы қаулыны заңды деп тапты. Ары қарай Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотында да Қасымбаевтан куә ретінде жауап алынып, онда да тергеу органының шешімі заңды деп танылды. Алайда марқұм Шерзат оқиғасының айналасындағы резонанстан кейін прокуратура істі мұрағаттан алып, өкілетін асыра пайдалана отырып, істі тоқтату туралы қаулының күшін жойып, сотқа дейінгі тергеуді бастады», – дейді ол.

Адвокат сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында бірқатар құқықбұзушылық болғанын атап өтті. Сөзінше, 2024 жылғы қарашада жәбірленушінің өкілі ретінде танылған анасы сотқа дейінгі тергеудің деректерін жарияламау туралы қолхат жазғанына қарамастан БАҚ өкілдеріне сұқбат беріп, тергеу барысын жариялаған.

«Бұған заң тыйым салады. Біз қудалау органы мен прокуратураға Әлімованы 423-бап (Сотқа дейінгі іс жүргізудің немесе жабық сот талқылауының деректерiн жария ету) бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы талап арыз түсірдік. Ал біз сотқа дейінгі тергеудің барысын жариялауға өтінім жібергенімде, маған бас тартты. Сондықтан Хасан Қасымбаевтың қорғаушылары мен туыстары тергеу барысында ешкімге сұқбат бермеді. Әйтпесе бізден интервью алғысы келетін БАҚ өкілдері көп болды. Біз белгіленген тәртіпті бұзбадық», – дейді адвокат.

Азаптау фактісі

Ерлан Мендешев Қасымбаев пен өзге күдіктілердің бірін беттестіру кезінде күдіктілерге қатысты азаптау дерегі болғаны анықталғанын хабарлады.

«Алматы облысы ПД қызметкерлері мен өзге органдар Арлан арнайы жасағының қатысуымен төрт сотталушы жазасын өтеп жатқан мекемеге барып, Қасымбаевқа қарсы жауап алу, оны ұйымдастырушы етіп көрсету мақсатында оларға қысым көрсеткен. Ол тұлғалар мұндай жауап беруге қарсы болған. Біз азаптау фактісі бойынша талап арыз жолдадық. Тергеуші Нариманов арызды тіркеп, Алматы облысының прокуратурасына жолдады. Алайда облыстық прокуратура фактіні тіркеп, тергеу бастамастан, Бас прокуратураның бұйрығын аяқ асты етіп, істі Өзіндік қауіпсіздік департаментіне жолдаған. Сот барысында біз осы туралы айтып, Қонаев қаласынан арнайы прокурор келіп, азаптау фактісін тіркеді. Бұның өзі Алматы облысының прокуратурасы мен Полиция департаменті тергеу барысында көптеген құқықбұзушылықтар жасағанын айғақтайды», – деді Ерлан Мендешев. 

Адвокат БАҚ өкілдерінен Қасымбаевты ұстағанда қалай белсенді ақпарат таратса, қазір де істің қаралуын объективті түрде белсенді таратуға, тергеу барысындағы құқықбұзушылықтарға назар аударуға шақырады.

Жәбірленушінің тарабына айтылған сөздер

Адвокат Гүлмира Бабажанова күдіктілерге тағылып отырған айыптың бірі 106-бапқа (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) негіз болған жәбірленуші Арман Әлімовтың көру қабілетін жоғалтуы жәбірленушінің кәсіби спортшы ретінде алған соққыларының салдары болуы мүмкін деп топшылайды.

«Мен іске жәбірленуші Арман Әлімовтың кәсіби жекпе-жектерге қатысқанын көрсететін жазбаларды тіркеуді өтіндім. Ол сот талқылауы кезінде 50-ге тарта жекпе-жек өткізгенін, олардың ешқайсысында нокаут алмағынын айтты. Алайда мен іске тіркегім келген жазбалар мұны терістейді. Ол жерде жәбірленуші бірнеше нокаут, бетінің жоғарғы бөлігінен көптеген соққы алғаны көрінеді. Біз көру қабілетінің жоғалуына осының себеп-салдары болуы мүмкін деп есептейміз. Алайда сот жазбаларды тіркеуден бас тартты. Мен сол себепті судьяны істен ауыстыруды сұрадым. Біздің талабымыз қабылданбады» – дейді ол.

Заңгер Қуат Ауғанбек қоғам іс туралы толыққанды картинаны білгенін қалайтынын атап өтіп, жәбірленуші Арман Әлімов туралы жалған образ қалыптасқанын жеткізді. Ол Әлімов бұрын тұрмыстық зорлыққа барғанын, сондай-ақ есірткі сақтап, тонауға қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын айтты.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Талғар қаласында Хасан Қасымбаевтың ісі бойынша сот процесі өтіп жатыр. Оған адам ұрлау, қасақана ауыр дене жарақатын келтіру және бопсалау бойынша айып тағылған.

Сондай-ақ оқыңыз