Қазақстанда есірткімен байланысты қылмыс саны 3%-ға өсті

Қазақстанда есірткі қылмыстары азаймай тұр. Оған дәлел осы жылдың 8 айында есірткі қылмыстары 3%-ға артқаны анықталды. Бұл туралы ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов айтты.
Ведомство өкілінің мәліметінше, 8 ай ішінде жалпы 2 388 қылмыс анықталған. Нәтижесінде 14 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды, оның үшеуі трансұлттық. Ұйымдасқан қылмыстық топтың 13 жетекшісі мен 52 белсенді қатысушысы қамауға алынған.
«Заңсыз айналымнан 13,5 тонна есірткі тәркіленді. Бұл ретте синтетикалық түрлері өткен жылмен салыстырғанда 3 есе артық болды және 1 100 тоннадан асты. Осылайша, 7 миллионнан астам доза есірткі заттары заңсыз айналымға жіберілмеді. 105 жасырын есірткі зертханасы жойылды, олардың 12-сі синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан. Жалпы 24 мың тоннаға жуық прекурсорлар тәркіленді», – деді спикер.
Сонымен қатар, 114 өңіраралық есірткі жеткізу арнасы тоқтатылды, 2 сыртқы канал жабылды.
Айта кететін жайт, Қостанайда Telegram арқылы 100 млн теңгеге есірткі сатқандар 8 жылға сотталды.