Alatau City Bank мемлекеттен алған 50 млрд теңге көмекті мерзімінен бұрын қайтармақ

Alatau City Bank (бұрынғы Jusan Bank) мемлекеттен алған 50 млрд теңге көмекті мерзімінен бұрын қайтармақ. Ол үшін банк 2017-2019 жылдары қажы секторы тұрақтылығын сақтау бағдарламасы аясында шығарған бағалы қағаздарын кері сатып алмақ.
Банк акционерлерінің 29 тамыздағы шешіміне сәйкес, қаржы ұйым екі облигациялық бағдарлама аясында шығарылған бағалы қағаздарын кері сатып алмақ:
- Өтімділікті қолдау үшін орналастырылған 1 теңгелік 20 млрд облигация;
- Банктердің тұрақтылығын арттыру бағдарламасы аясында шығарылған 1 мың теңгелік 30 млн облигация.
Осылайша, банк мемлекетке купондық сыйақысымен бірге 50 млрд теңге қайтарады.
Жалпы бұрынғы Jusan Bank – мемлекет қолдау көрсеткен қаржы ұйымдары арасында ең көп көмек мұраға қалған банк. 2017 жылдары аталмыш бағдарлама аясында «Цеснабанк» пен АТФБанк алған қарыз соның балансына өткен.
Кезінде мемлекет «Цеснабанктің» проблемалық несиелерін сатып алу арқылы оған 1 трлн теңгеден астам қаражат бөлген. Бұл сатып алу-сату мәмілесі болғандықтан, бұл қаражат қайтарылмайды.
Сонымен қатар Jusan Bank-тің балансында 859 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдау қаражаты бар, оны банк 2045 жылға дейін пайдалануға құқылы болған.
Alatau City Bank 2024 жылы Jusan Bank болып тұрған кезінде соның 100 млрд теңгесін мерзімінен бұрын қайтарған.
2025 жылдың шілдесінде Alatau City Bank-ті Kaspi.kz-тің құрылтайшысы әрі Қазақстандағы ең ауқатты кәсіпкер Вячеслав Ким сатып алды. Forbes дерегінше, оның байлығы $7,1 млрд деп бағаланады.