Мұрат Нұртілеу өзіне қатысты тараған ақпараттан кейін жұрт алдына шықты

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Мурат Нуртлеу появился на публике
Мұрат Нұртілеу өзіне қатысты тараған ақпараттан кейін жұрт алдына шықты / фото: СІМ

Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу «Harvest Group» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Алмаз Альсеновпен кездесу өткізді. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрлік тараптар агро-индустриялық кластерді құру барысын талқылағанын айтады.

«Алғашқы кезеңде инвестициялық жоба Жетісу мен Алматы облыстарын қамтып, 150 мың гектар шалғайдағы және тыңайған жерлерді суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарына айналдыруды көздейді. Жалпы, жобаны жүзеге асыру аясында заманауи су үнемдеу жүйелерін қолдана отырып, 300 мың гектар жерді игеру жоспарланған», – делінген хабарламада.

Министр жобаны одан әрі ілгерілетудің маңыздылығын атап өтіп, мемлекет тарапынан қолдау көрсетуге дайын екенін білдірген.

Сондай-ақ компанияның Қазақстанның бірқатар өңірлерінде туризм және спорт салаларында инвестициялық жобаларды іске асыру перспективалары белгіленген.

СІМ басшысы бұл жобалардың ішкі және кірме туризм үшін, сонымен қатар экономиканы әртараптандыру үшін өсу мүмкіндігіне айналу әлеуеті бар екенін баса айтқан.

Мұрат Нұртілеудің кездесуі туралы ақпарат оның «ұсталғаны» туралы ақпараттан кейін шығып отыр. Кеше Orda.kz басылымының бас редакторы Гүлнәр Бажкенова СІМ Мұрат Нұртілеу, кәсіпкер Гаджи Гаджиев пен ҰҚК-нің бірқатар қызметкері ұсталғанын хабарлаған. Алайда Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, СІМ және ҰҚК ақпаратты дереу терістеген. Десе де Orda.kz өзінің ақпаратының растығына сенімді.

Сондай-ақ оқыңыз