Алматыда жерасты өткелдерін қиратып жатыр, әкімдіктің берер жауабы қандай

Қоғам белсендісі Санжар Бокаев Instagram парақшасында Алматыдағы жерасты өткелдерінің бірінде жұмысшылардың плиталарды жаппай сындырып жатқаны көрінетін видео жариялады.
Бұған таңғалған тұрғындар плиталардың жағдайы жақсы болғанын, оларды қиратудың еш қажеті жоқ екенін айтып жатыр. Жазба астына жазылған пікірлердің басым бөлігінде жұрт ашулы.
Алматы әкімдігі Kursiv тілшісіне берген түсінігінде аталған өткел күрделі жөндеу жоспарына енгізілгенін хабарлады. Айтуларынша, мұнда соңғы рет осындай жұмыстар 2018 жылы жүргізілген. Сол уақыттан бері тұрғындар судық аққанына, баспалдақтардағы жарықтарға, сынған қоршауларға, істемейтін камералар мен жарыққа бірнеше рет шағымданған.
«Жаяу жүргіншілерге арналған жерасты өткелдерін күрделі жөндеу жобасы екі кезеңде жүзеге асырылады: 2025 жылы 10 өткел жөнделеді, оның ішінде әл-Фараби даңғылы – Жароков көшесіндегі жерасты өткелі де бар. 2026 жылы қалған жеті өткел жөнделеді», – деді мегаполис әкімдігі.
Әкімдік мәліметінше, жұмысшылар су ағарларды жөндеп, өткелдердің төбесін ауыстырады, баспалдақтар мен қабырғаларды қалпына келтіреді, жарық пен камераларды жаңартады, су кететін жүйені реттейді. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған көтергіштер орнату жоспарланып отыр.
Ал гранит плиталарға қатысты әкімдік олар арнайы желіммен мықтап бекітілгендіктен, демонтаж кезіндесындырудан басқа аман қалмағанын атап өтті.
Бұған дейін, қоғам белсендісі желідегі парақшасында қалада мінсіз брусчаткаларды ауыстырып жатқаны туралы хабарлаған.