ҚМА жүктілік және АӘК жәрдемақыларынан миллиардтаған қаржының ұрланғанын анықтады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Жүкітілік, босанау және АӘК жәрдемақыларын заңсыз тағайындау фактілері анықталды / Фото: kursiv.media архиві

Қаржы мониторингі агенттігі Қазақстанда жүктілік пен босану бойынша жәрдемақылар мен атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз төлеу схемасын әшкереледі.

Ведомствоның мәліметінше, 2024–2025 жылдары келтірілген залал көлемі 1,2 млрд теңгені құраған.

Жалған жұмыс орындары мен қолдан жасалған аударымдар

Негізгі схема жүктілік пен босану бойынша жәрдемақыларға қатысты болған. Ол үшін жалған жеке кәсіпкерліктер құрылған, сол жерге әйелдерді өткен күнмен жұмысқа орналастырған. Ұйымдастырушылар қағаз жүзінде әлеуметтік және зейнетақы аударымдарын көп мөлшерде жасап, жәрдемақыларды бірнеше есе артық есептеткен. Осылайша 385 әйел заңсыз төлем алған, ал мемлекетке шамамен 1 млрд теңге залал келген.

«Мысалы, Ақтөбе облысында Үмірбекова мен Баймұрзаева 70 жүкті әйелді 29 жалған түрде жеке кәсіпкерлікке жұмысқа орналастырып, 487 млн теңге бюджет қаражатын жымқырғаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Шымкент қаласында Дүйсенова дәл осындай әрекетпен мемлекетке 98 млн теңге залал келтіріп, 5 жылға сотталды», – делінген Қаржы мониторингі агенттігінің хабарламасында.

Аатаулы көмек алушылардың заңсыз схемасы

Тергеу барысында атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) алу бойынша да ақша жымқыру фактілері анықталды. Кейбір әкімдіктерде бухгалтерлер көмек алушылар тізіміне мұқтаж емес, жалған адамдарды енгізген. Кейін оларға төлем құжаттары рәсімделіп, басшылар қол қойып, ақша сол жалған тұлғалардың есепшотына аударылып отырған. Осы қаражат кейін схемаға қатысушылар арасында бөлінген.

Қазір осы деректер бойынша әлеуметтік қорғау бөлімдерінің 15 қызметкеріне қатысты қылмыстық істер тергеліп жатыр.

Не өзгерді?

2023 жылдан бастап жүктілік пен босануға байланысты жәрдемақы, сондай-ақ әлеуметтік осал топ мәртебесін рәсімдеу тек eGov порталы арқылы жүргізіледі. Қаржы мониторингі агенттігі бұл тәсіл алаяқтық жасау мүмкіндігін іс жүзінде жойды деп есептейді.

«Анықталған бұзушылықтарды, сондай-ақ қылмыстардың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою мақсатында Агенттік Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тиісті ұсыныстар жолдады. Атап айтқанда, қолданыстағы ережелерге өзгерістер енгізілді: жәрдемақыларды тағайындау кезінде енді «өткен» күнмен төленген зейнетақы жарналары ескерілмейді», — делінген агенттік хабарламасында.

Агенттік мемлекет мүддесін қорғау бағытындағы жұмыс жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Айта кетейік алдағы уақытта зейнетақы мен жәрдемақы төлеу тәртібі қатаңдауы мүмкін. Әсіресе, бұл Қазақстанда тұрақты тіркеуі жоқ адамдарға қатысты болмақ. Яғни мұндай азаматтардың төлемдері уақытша тоқтатылады. Елде мұндай азаматтардың саны 100 мыңнан асады.

Сондай-ақ оқыңыз