Тимур Турлов оқушыларды жаппай футболға тартып жатыр: ALGA! жобасы туралы не белгілі

Кейінгі үш жылда Тимур Турловтың есімі Қазақстан футболымен бірге аталатын болды. Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры үшін басты басымдық бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер футболы болып отыр.
Қаңтар оқиғасынан кейін Турлов Қасым-Жомарт Тоқаевтың ірі бизнес өкілдерін әлеуметтік жауапкершілікті күшейтуге шақырған үндеуін қолдады.
«Президент сигнал берді: егер біз тұрақты әрі бақуатты елде өмір сүргіміз келсе, жүргізіп отырған кәсібіміз құнды болуы үшін бәріміз бірге әрекет етуіміз керек. Күш-жігерімізді біріктіріп, адамдардың өзіне сенуіне, олардың өсуге және дамуға мүмкіндігі бар екеніне сенімді болуына жағдай жасауымыз қажет», – деп түсіндірген еді Турлов сұхбаттарының бірінде.
Турлов 2023 жылы Freedom QJ League қамқоршылар кеңесінің төрағасы атанды. Бұл ұйым жасөспірімдерге арналған республикалық чемпионаттарды өткізу міндетін мойнына алған.
Лига сәтті басталып, қарқынды дамыды: алғашқы маусымда тек U18 санатындағы 12 команда ойнаса, қазір Freedom QJ League-да төрт бірдей турнир бар. Оған еліміздің 18 өңірінен 54 команда, яғни 1 620 жасөспірім ұлдар мен қыздар қатысады.
Шілдеде Турлов Қарағандыда заманауи академия салынатынын мәлімдеді. Freedom Holding Corp. бұл жобаға 12 миллиард теңге бөліп, жайлы жатақхана, 3 500 адамға арналған стадион, жабық манеж және жаттығу алаңын салуды қолға алды. Ал тамызда кәсіпкер Қарағанды облыстық футбол ассоциациясының (әрі қарай – ҚОАФ) президенті болды.

Енді Тимур Турлов басты назарды инфрақұрылымдық жобаларға және облыс балаларын жаппай футболға тартуға қоймақ. Жалпы алғанда холдинг федерация жобаларына 2029 жылға дейін 6,5 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Мектептер бұл стратегияның өзегі болып отыр, өйткені дәл осы кезеңде балалардың қызығушылығы қалыптасады.
ҚОАФ мектепке арналған жобаны іске қосты. Ол ALGA! деп аталады. Жобаның мақсаты – аймақтағы балаларды футболға баулу, олардың дамуына мүмкіндік беру.
Бұл оқу жылында жоба пилоттық режимде өтеді. Оған Қарағанды облысындағы 10 мектеп қатысып жатыр. Алдағы төрт жылда ALGA 100-ден астам мектеп пен балабақшаны қамтып, 40 мыңнан астам бала мен шамамен 3 600 студентті тартпақ.
Жоба аясында бастауыш сынып оқушылары аптасына үшінші дене шынықтыру сабағын футболға арнайды, үлкендерге бөлек футбол секциялары ашылды. Жобаға қатысатын мектептерге қажетті құрал-жабдық – доп, манишка, конус, фишка, спорт формасы мен қақпалар берілді.
Мұғалімдер де арнайы дайындықтан өткен. Олар UEFA D санатындағы лицензияға ие, сол себепті футболды халықаралық стандарттарға сай оқыта алады.
Жобаның тағы бір маңызды бағыты ретінде Қарағанды облысында футбол фестивальдерін өткізуді атауға болады.
Алғашқы фестиваль 13 қыркүйекте Саран қаласында өтеді. Қонақтарды футболға қатысты ойын-сауық, шеберлік сабақтары және танымал әншілердің концерті күтеді. Мұндай формат былтыр Павлодарда өтті, ол кезде Freedom QJ League 2 жүзден аса қызға футбол мерекесін сыйлаған.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Турловтың бастамаларын қолдады.
«Футбол жай ғана спорт емес, бұл – ауладағы драйв, стадиондағы эмоция, тәртіпке, көшбасшылыққа және командалық жұмысқа бастайтын жол. ALGA! жобасы мектептердегі футболға жаңа серпін береді деп сенеміз», – деді ол.
ALGA! жобасын қазақстандық футбол жұлдыздары да қолдады. Мәселен, Қарағанды тумасы, «Шахтер» түлегі, Қазақстан құрамасының қақпашысы Игорь Шацкий Үштөбе ауылындағы мектептердің бірінде футбол сабағын өткізді.
«Жоба балаларға футболшы ретінде ғана емес, жеке тұлға ретінде де өсуге мүмкіндік береді. Мұндай сабақтарда олар тәртіпке, сыйластыққа және бірлесе әрекет етуге үйренеді. Егер менің балалық шағымда осындай бағдарлама болса, осы жолдағы мансабым қазіргіден де жарқын өрбіген болар ма еді», – дейді ол.
Мектептерге басымдық беру – Қазақстанда бұқаралық балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту арқылы болашақта халықаралық аренадағы жетістіктерге жол ашу. Жуырда Бельгиядан ірі есеппен ұтылғаннан кейін, Қазақстан құрамасы 2026 жылғы Әлем чемпионатына шығу мүмкіндігінен айырылды. Құраманы жасарту қажет екені анық, себебі 2030 жылға қарай қазіргі көшбасшылардың көбі отыздан асады.
Сондықтан келесі айналымда 2000-жылдардың екінші жартысы мен 2010-жылдардың басында туған футболшылар негізгі рөл атқарады. Мұндай ұзақмерзімді табысқа тек академияларға инвестиция салу арқылы жетуге болады. Турловтың жобасынан бөлек, бұл бағытта «Қайрат» клубы, Қазақстан футбол федерациясының академиясы және мадридтік «Атлетиконың» қазақстандық филиалы жұмыс істеп жатыр.
Ал ALGA! жобасының әр түлегі, футболды кәсіби тұрғыда жалғастырмаса да, денсаулық, тәртіп пен достық секілді өмірлік құндылықтарды алып шығады деген сенім бар.