Полиция желідегі ақпараттан кейін Балқаштағы барлық мектепті тексеріп шықты

Балқаш қаласында мектептерге жарылғыш заттар қойылды деген ақпарат тарады. Қарағанды облысы полициясы әлеуметтік желі мен Telegram мессенджерінде тараған ақпаратты жоққа шығарды.
«Жалған мәлімет тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық білім беру мекемелерін полиция қызметкерлері тексерді, ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ.
Қазір жалған ақпарат таратқан адамдарды анықтау және ұстау үшін ауқымды жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция.
Қарағанды облысының полиция департаменті терроризм актісі туралы әдейі жалған хабар таратқаны үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.
Сондай-ақ Балқаш қаласы тұрғындары мен қонақтарын сабыр сақтауға, арандатушылыққа ермеуге және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда ұшақта «бомба бар» деп жалған сөйлеген әйелдің үстінен іс қозғалды.