Бір палаталы жүйеге қайта оралу: Қазақстан парламентаризмінің тарихы

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Бір палаталы жүйге қайта оралу: Қазақстан парламентаризмінің тарихы
Бір палаталы жүйеге қайта оралу: Қазақстан парламентаризмінің тарихы / фото: gov.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 8 қыркүйек күні жарияланған кезекті жолдауының басты жаңалығы – Қазақстан Парламентінің екі палатадан, бір палатаға өтетіні болды. Осыған орай Қазақстан парламентаризмінің қысқаша тарихын ұсынамыз.

1938 жыл

Қазақстанның заң шығарушы органы о баста бір палатадан тұрған әрі тарихы Кеңес одағынан басталады. 1938 жылы Қазақ КСР Конституциясының негізінде бір палаталы заң шығарушы орган – Жоғарғы Кеңес құрылды. 

1978 жыл

Дәл осы жылы Қазақ КСР жаңа конституциясы қабылданып, соның негізінде Жоғарғы кеңес жасақталды.

1991

1991 жылғы 10 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің орнына ҚР Жоғарғы Кеңесі құрылады. Бұл кезде де құрамы бір палатадан тұрды.

1995

1995 жылы 30 тамызда жаңа Конституция қабылданып, соның негізінде жоғарғы және төменгі палата – Сенат пен Мәжілістен тұратын жаңа Парламент жасақталды.

Қос палаталы Парламентің миссиясы

Парламент Сенатының ең алғашқы төрағасы Өмірбек Бәйгелді қос палаталы парламент бір мезетте құрыла салмағанын, оған дейін қоғамда қаншама айтыс-тартыс, пікір-талас болғанын еске алған.

«Қос палаталы парламентке көшер алдында көптеген елдің тәжірибелері зерттелді. Міне, соның нәтижесінде «екі палаталы парламент дұрыстау болады, күрделі, үлкен мемлекетпіз» деген шешім қабылданып, жаңа Конституцияға осы енді», – дейді Өмірбек Бәйгелді.

Өмірбек Бәйгелді қос палаталы парламенттің он жылдығында оны «кәсіби заң шығару деңгейіне жетті» деп сипаттаған.

«Парламент қос палата болып құрылғаннан кейін елдегі жағдай біркелкі, байсалды бола бастады. Өйткені осының алдындағы Жоғарғы Кеңесте көп мәселелер ашық, артығырақ айтылып, қызу қанды адамдарға ілесушілер пайда болып әртүрлі ағымдар көбейіп бара жатты. Саяси ұйымдар пайда бола бастады. Олардың әртүрлі ұрандары пайда бола бастады. Міне осының бәрін ақырын бір салаға түсіру үшін екі палаталы парламент көп ықпал жасады», – деген Сенаттың бұрынғы төрағасы.

Жоғарғы Кеңес тұсында шынымен президенттің көп бастамалары өтпей қалатын. Олардың қатарында ел астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы идея да болған. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев естеліктерінде Жоғарғы Кеңес реформаларды жеделдетуге, экономиканы нарықтық қатынастарға көшіруге тұсау салғанын айтады. Алайда «1995 жылдан кейінгі парламент президенттік биліктің, авторитаризмнің күшеюіне жол ашып берді, оған бұрынғыдай қайрат көрсете алмады» деушілер де.

Қос палаталы парламент миссиясының аяқталуы

Кейінгі жиырма жылда оқта-текте «парламентке қос палатаның қажеті қанша» деген ой айтылып келді. Саяси тақырыптарға жазатын журналист Марат Тоқашбаев, саясаттанушы Дос Көшім бұл ойды жиі білдіріп жүрді.

Мәселен, Дос Көшім бір пікірінде парламенттің жоғарғы палатасы қоғамнан гөрі билікке керек екенін айтты.

«Әрине, бұл құрылым билікке, оның ішінде президентке керек екеніне талас жоқ. Біріншіден, қызметтен уақытша кеткен ірі лауазымды қызметкерлер кенеттен биліктің сыншысына айналмау үшін жоғарғы деңгейдегі «уақытша қамау изоляторы» жасақталды. Екіншіден, мәжілістен түскен заңдардың ішінде шектен шығып бара жатқан баптар болса, оны тоқтатып, қажет болғанда кері қайтаратын, сол арқылы президенттің атын былғамай, тамаша сүзгі қызметін атқаратын құрылым өмірге келді. Сенат құрамының үштен бірін президенттің тағайындауы да осыны көрсетеді. Үшіншіден, жаңа бір қызмет орындары ашылғанда керек адамдарды маңдайларынан шертіп алатын «қосалқы құрам» отыратын жылы орынға айналды», – деп сипаттаған ол сенат жайлы.

Ал Марат Тоқашбаев болса, жуырда ғана конституцияның 30 жылдығы қарсаңында жариялаған жазбасында әлемдік тәжірибеге үңіліп, Қазақстанға қос палата ұстаудың «еш қажеті жоғын» айтқан. Ойын халық санының салыстырмалы түрде көп емесімен, Қазақстан унитарлы мемлекет екенімен негіздеген.

2025

Президент бір палаталы парламентке өту идеясын көтерді.

2027

Президент Қ.Тоқаев 2027 жылы сенатты қысқарту арқылы, бір палаталы парламентке өту мәселесін жалпыұлттық референдумда дауысқа салуды ұсынды.

Сондай-ақ оқыңыз