Таяу Шығыстағы қақтығыстың ушығуы мұнай бағасын күрт қымбаттатты

Сейсенбі күні мұнай құны күрт өсті. Бұған Израильдің Қатар астанасы Дохада ХАМАС саяси басшылығына әуе соққысын беруі себеп болды. Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың ушығуы мұнай нарығына әсер етті.
Лондондағы ICE Futures биржасында Brent маркалы мұнайдың қарашадағы фьючерстері барреліне 67,09 долларға жетті. Бұл – алдыңғы сессиямен салыстырғанда $1,07 немесе 1,62%-ға жоғары.
Нью-Йорктің NYMEX биржасында қазан айына арналған WTI фьючерстерінің құны $1,13 (1,81%) өсіп, барреліне $63,39 жеткен.
Саяси жағдай неге ушықты
9 қыркүйекте Қатар астанасында бірнеше жарылыс болды. Кейіннен бұл Израильдің ХАМАС жетекшілері жиналған ғимаратқа әуе шабуылы екені анықталды. Олар Газа секторында Израильмен бітім мәселесін талқылап отырған.
The Times of Israel басылымының дерегінше, АҚШ президенті Дональд Трамп Израильге бұл соққыны жасауға «рұқсат» берген. Араб БАҚ-тарының мәліметінше, жарылыс кезінде ХАМАС-тың Газа секторындағы саяси көшбасшыларының бірі Халиль әл-Хайя қаза тапқан.
Bloomberg басылымы атап өткендей, Израильдің Дохаға соққысы АҚШ-тың Израиль мен ХАМАС арасындағы бейбіт келісімге қол жеткізуге бағытталған әрекеттерін тығырыққа тірейді. Егер бітім жасалса, мұнай бағасына ықпал етіп отырған геосаяси тәуекел факторы азаяр еді.
Алайда, АҚШ-тың Энергетикалық ақпарат басқармасының (EIA) дерегі бойынша, әлемдік нарықта мұнайдың артық қоры байқалып отыр. Болжамға сәйкес, ОПЕК+ елдерінің өндірісті арттыруына байланысты 2026 жылға қарай Brent бағасы қазіргі $66,5 деңгейінен $51-ге дейін төмендеуі ықтимал.