Базалық мөлшерлеме өсіп, теңге құнсыздануы мүмкін

Қазақстанда инфляция үдей түсті. Нарық қатысушылары бұл жағдай базалық мөлшерлеме өсіп, теңгенің әлсіреуіне алып келуі мүмкін деп санайды.
Қаржыгелер қауымдастығы сараптамалық орталығының сауалнамасына қатысқан қаржы нарығының кәсіби өкілдері осындай пікір білдірген.
Инфляция және базалық мөлшерлеме
Тамыз айында айлық инфляция 1,0%-ға дейін жеделдеді. Сарапшылар бұған жанармай мен коммуналдық қызметтердің қымбаттауы, теңгенің әлсіреуінен импорт бағасының өсуі, бюджет шығыны мен әлемдік азық-түлік бағасының қымбаттауы ықпал еткенін айтады.
Осыған байланысты қазанда ақша-несие саясатының қатаңдауы мүмкін деген болжамдар күшейді. 10 қазандағы отырыста Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтереді деген пікірдегі сарапшылардың үлесі 22%-дан 40%-ға дейін өсті. Алайда басым бөлігі (60%) ставканың қазіргі деңгей: 16,5%-да сақталуы ықтимал деп санайды.
Жылдық базалық ставкаға қатысты консенсус-болжам 15,25%-дан 15,5%-ға көтерілді. Бұл инфляциялық қысымның әлі де жоғары екенін көрсетеді. Сарапшылардың жылдық инфляциялық күтулері де 11,3%-дан 11,4%-ға өсті. Ал Ұлттық банк 2026 жылы инфляция 9,5–11,5% аралығында қалыптасады деп болжайды. Оған қоса ел үкімет инфляцияны 11 пайыз дегейінде ұстап тұруға ниетті.
Валюта бағамы
Жоғары базалық мөлшерлеме, S&P-тің Қазақстан рейтингін жақсартуы, Ұлттық банктің валюта нарығындағы белсенділігі және АҚШ ФРЖ мөлшерлемелерінің төмендеуінен туындайтын шетелдік инвесторлардың теңгедегі бағалы қағаздарға қызығушылығы теңгеге түсетін қысымды әлсіретуі ықтимал.
Сарапшылар қазан айының басында доллар бағамы 541,6 теңге деңгейінде болады деп болжайды. Ал бір жыл ішінде ұлттық валютаның 565 теңгеге дейін әлсіреуі мүмкін (бұрынғы болжам – 573 теңге). Бұл теңгенің әлсіреу қарқынының баяулауын көрсетеді.
Мұнай бағасы
Brent маркалы мұнай бағасы бір жылда барреліне 66,7 доллар шамасында қалыптасуы ықтимал (бұрын – 66,5 доллар). Мұндай болжам АҚШ ФРЖ-ның мөлшерлемені төмендету циклін бастауы және ОПЕК+ тарапынан өндірістің баяу өсуімен байланысты.
Алдағы 12 айда Қазақстан экономикасының өсімі 6,3%-дан 4,8%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Бұған шикізат өндіру көлемінің шектелуі, жоғары қаржы жағдайларының ұзаққа созылуы және негізгі сауда серіктестеріндегі экономикалық баяулау ықпал етеді.