Шымкенттің экс-депутаты сотқа тағы келмеді

«Қорлау» бабымен айыпталған Шымкент қалалық мәслихатының бұынғы депутаты, кәсіпкер Қуаныш Дәулетәлиев сот отырысына тағы келмеді. Бұдан бұрын тағайындалған сот отырыстарына себепсіз келмеген оған іздеу жарияланған еді. Көп өтпей полиция Дәулетәлиевті тауып, сотқа жеткізген.
Сот кабинеті жүйесіндегі құжаттарға қарағанда, Дәулетәлиевтің ісін қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Асхат Есенов қарап жатыр. Ол істі қарауды 9 қыркүйекке белгілеген. Бірақ 16 қыркүйекке қалдырған.
Сот отырысының қысқаша хаттамасында істің кейінге қалу себебі «сотталушының келмеуі немесе оның сотқа мас күйінде келуі» деп жазылған. Сот отырысы үзілісті қоса алғанда 12 минутқа созылған.
50 жастағы Дәулетәлиев бұдан бұрын сот отырысына себепсіз 3 рет келмеген. Полиция үйіне барғанымен, оны таппаған. Содан кейін сот оған іздеу жариялаған. Экс-депутатты іздеу туралы ақпарат құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының ресми порталында 2 қыркүйек күні пайда болған.
Дәулетәлиев бұған дейін Шымкент қалалық мәслихатының депутаты және «Ауыл» партиясының мүшесі болған. Шымкент қалалық мәслихатының ресми сайтындағы деректерге қарағанда, Дәулетәлиевтің мамандығы заңгер. Бірақ 25 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысады. Ол мәслихатта «Ауыл» партиясының депутаттық фракциясын басқарған.