Балаңызды буллингтен қалай қорғауға болады

Балаңызды буллингтен қалай қорғаудың тәсілдері бар. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Полиция ақпаратына қарағанда, баланы буллингтен қорғау үшін ата-аналар білуге тиіс нәрселер аз емес.
Буллинг белгілері қандай?
Бала себепсіз сабаққа барғысы келмесе немесе жиі басы немесе іші ауыратынын айтса, бұл да бір белгі болуы ықтимал.
Оқуға, үйірмелерге қызығушылығын жоғалтса, үйге сынған немесе жоғалған заттармен келсе, алаңдауға негіз бар.
Тұйықталса, үндемей қалса немесе мазасыздана берсе, мектеп пен сыныптастары туралы сөйлесуден қашса, онда буллингке күдіктену қажет.
Қорқып, күдіктеніп, мінез-құлқы күрт өзгерсе, бұған міндетті түрде мән беру керек.
Баланы қалай қолдау керек?
«Тыңдаңыз және сеніңіз. Сізге мәселе «ұсақ-түйек» болып көрінсе де, бала үшін ол өте маңызды болуы мүмкін», – деген полиция жадынамасында.
Балаңызбен ашық сөйлесіп, мектепте өзін қалай сезінетінін, мазалайтын жайттар туралы сұрау қажет.
«Өзін-өзі бағалауын нығайтыңыз. Баланы қолдап, оның жетістіктерін атап өтіңіз. «Жоқ» деп айтуды үйретіңіз. Жеке шекарасын қорғай білуіне көмектесіңіз», – деп кеңес береді полиция өкілдері.
Баламен жиі сөйлескен жөн
Бала мен ата-ананың арасында сенім орнауы керек. Бала әрдайым ата-анасының қасында екенін сезінуі тиіс.
Достық, сыйластық пен мейірімділік туралы сөйлескен жөн. Сезімталдықты дамытып, әділетсіздікке тап болған кейіпкерлер жайлы кітаптар мен фильмдерді бірге талқылау қажет.
«Агрессивті контентті шектеңіз және интернет кеңістікті қадағалаңыз. Жеке үлгі көрсетіңіз. Отбасында дөрекілікке, кемсітушілікке жол бермеңіз», – делінген полиция кеңесінде.
Бұдан былай ата-аналар мектептегі буллинг үшін айыппұл төлейтін болды.