Алматыда заңсыз салынған монша кешені сүрілді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Заңсыз салынған монша сүрілді / Фото: Алматы әкімдігі

Алматы қаласы, Кіші Абай көшесі 190 мекенжайында орналасқан заңсыз салынған монша кешені сүріліп жатыр. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы Қала құрылысын бақылау басқармасы жоспардан тыс тексеріс жүргізген. Тексеріс барысында монша иесінің ғимаратты еш рұқсат құжаттарынсыз тұрғызғаны белгілі болған. Әкімдік меншік иесіне қатысты әкімшілік шаралар қабылдап, нысанды сүру туралы нұсқама берген.

«Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 2024 жылғы 22 қарашада нысанды бұзу жөнінде шешім шығарған еді. Кейін ұзаққа созылған сот талқылаулары болды. Алматы қалалық сотының 2025 жылғы 2 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы нысанды бұзу жөніндегі шешім өзгеріссіз қалды», – делінген әкімдік хабарламасында.

Заңсыз салынған нысанның сот орындаушыларының қатысуымен сүрілгені айтылады.

Еске сала кетсек, тамыздың аяғында әкімдік кафеге жапсарлас салынған заңсыз құрылыстың сүрілгенін хабарлаған болатын. Ал шілде айында Алматының «Таулы Қырат» кеңшарында, тау бөктерінде заңсыз салынған екі үй бұзылғаны хабарланған еді.

Сондай-ақ оқыңыз