Халықаралық резервтегі алтын үлесі артты

Тамыз айында Ұлттық қордың активтерін қоса алғанда, Қазақстанның жалпы халықаралық резерві 116,4 млрд долларды құраған. Соның ішінде 54,6 млрд доллары Ұлттық банктің халықаралық резерв болса, 61,8 млрд доллары – Ұлттық қордың активі.
Бас банктың халықаралық резерві жыл басынан 19,4 пайызға өскен. Бұл туралы Ұлтты банктің ай сайынғы статистикасында жазылған.
Бұл ретте Ұлттық банктің алтын-валюта резервтерінің ішінде алтын қоры жыл басынан бері 45,4 пайызға өсіп, 34,7 млрд долдарды құраған. Ал еркін айналымдағы валюталық активтер 8 айда 9,4 пайызға азайып, 19,9 млрд доларға тең болды.
Ұлттық қордағы валюталық активтер жыл басынан бері 5,3 пайызға көбейіп, 61,8 млрд долларға жетті. Ал шілде айымен салыстырғанда 2,18 пайыз өсім байқатты.
Бұған дейін сарапшылар 2000 жылдан бері әлемдік орталық банктердің шетел валютасындағы резерв құрылымында АҚШ долларының үлесі азайып келе жатқанын айтқан.