Қаржы министрлігі мен «Атамекен» «е-ТАМGA» жүйесін кезең-кезеңімен енгізуге келісті

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қаржы министрлігі мен «Атамекен» ұлттық палатасы «е-ТАМGA» жүйесін енгізу тәртібі бойынша келісімге келді.

Еске салсақ, 2026 жылдың 1 қаңтарынан жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Оның ішінде маңызды өзгеріс – электронды шот-фактураларды («ЭСФ») «е-ТАМGA» жүйесі арқылы бақылау.

Бұл жүйе бойынша кәсіпкерлер шот-фактураны рәсімдер алдында аванс ретінде қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуі тиіс. Егер шотта қаражат жеткіліксіз болса, құжатты рәсімдей алмайды.

Бастапқыда жаңа тәртіп төрт санатқа қолданылмақ еді:

  • жаңа тіркелген ҚҚС төлеушілерге;
  • қайта тіркелген компанияларға;
  • шот-фактура жазу құқығы қайта берілгендерге;
  • ЭСФ-ты растаудан кейін қайтарып алғандарға.

«Атамекен» олардың бәріне бірден енгізу бизнеске үлкен қауіп тудыратынын атап өтті. Себебі ҚҚС төлеушілер саны қосымша 210 мың кәсіпкерге өссе, айналым бар болғаны 5%-ға ғана ұлғаяды. Мұндай жағдайда жаңа жүйе кәсіпкерлердің жұмысын тоқтатуға және экономиканың баяулауына әкелуі мүмкін.

Сондықтан Ұлттық палата жүйені алдымен тек бір санатқа – ЭСФ-ты растаудан кейін қайтарып алғандарға қолдануды ұсынды. Сонымен қатар бақылау мерзімін екі есе қысқарту, ауыл шаруашылығы, медицина, экспедиторлық қызмет сияқты салалардың ерекшелігін ескеру және ҚҚС бойынша дебеттік сальдоны назарға алу қажет екенін жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз