Трамптың жақтасы Чарли Кирк оққа ұшты

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Трамптың жақтасы Чарли Кирк оққа ұшты / фото: reuters

АҚШ-та белгілі саяси белсенді әрі Дональд Трамптың жақтасы Чарли Киркке қастандық жасалды. Оқиға Юта штатының Utah Valley университеті кампусында ел алдында сөз сөйлеп жатқан кезде болды.

31 жастағы Киркке белгісіз біреу 100–200 метр қашықтықтан оқ атқан. Мойнынан жарақат алып, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Дегенмен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

АҚШ президенті Дональд Трамп өз әлеуметтік желісі Truth Social парақшасында Чарли Кирктің қазасын растады. Трамп бүкіл ел бойынша төрт күн бойы мемлекеттік туларды түсіру туралы шешім қабылдағанын хабарлады.

«Ұлы әрі аңызға айналған Чарли Кирк өмірден өтті. Барлығы оны жақсы көрді, мен де қатты құрметтедім. Мелания екеуміз жары Эрикаға және туған-туыстарына көңіл айтамыз. Чарли, біз сені жақсы көреміз!», – деп жазды Трамп.

Чарли Кирк – консервативтік құндылықтарды насихаттаумен танымал тұлға. Ол студенттік ұйым Turning Point USA-ның негізін қалаған, подкаст жүргізушісі әрі Трамптың сенімді серіктестерінің бірі болған.

Алғашында жергілікті билік күдікті қолға түсті деп хабарлағанымен, кейін шабуыл жасаған адамның әлі ұсталған жоқ екені белгілі болды. Қастандықтың нақты себептері әзірге жарияланған жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз