Жаңа жүйе бойынша кімдер әлеуметтік қолдаудан қағылады

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Жаңа жүйе бойынша кімдер әлеуметтік қолдаудан қағылады/фото: shtterstock

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік көмекті тағайындау бойынша Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында сынақтан өтіп жатқан жаңа жүйенің жай-жапсарын түсіндірді.

Министрліктің мәліметінше, отбасылардың әл-ауқат деңгейін анықтауда балдық модель қолданылып, ол жергілікті бюджет есебінен іске асырылатын қосымша әлеуметтік қолдау шараларын тағайындау кезінде пайдаланылады.

Қосымша қолдауға кіреді:

  • мектепте тамақтандыру;
  • колледж бен ЖОО студенттерін жатақханамен қамту;
  • санаториялық-курорттық емдеу;
  • тұрғын үй көмегін көрсету және т.б.

Отбасының әл-ауқат деңгейі 23 әлеуметтік-демографиялық және экономикалық критерий бойынша анықталады. Қосымша қолдау шараларына өтініш білдірген барлық отбасы аса қажеттіліктен (азық-түлікке қаражаттың болмауы) жоғары әл-ауқатқа дейінгі (қаржылық қиындықтар жоқ) 6 санатқа жіктеледі. Шешім отбасының цифрлық картасы арқылы жиналған объективті деректер негізінде автоматты түрде қабылданады.

Жаңа жүйеге сай, көмек барлығына бірдей емес, қажеттілігіне қарай көрсетіледі. Материалдық көрсеткіш ретінде есепке алынады:

  • табыс;
  • мүлік;
  • көлік;
  • несиенің болуы;
  • материалдық емес (денсаулық, мүгедектік, білім деңгейі) жағдайлар;
  • тәуелділік ауыртпалығы және бейресми жұмыс.

Әл-ауқат деңгейі жоғары 6-санатқа жататындарға қосымша қолдау жасалмайды. Олар:

  • 2 және одан да көп тұрғын үйі барлар;
  • 2 және одан да көп көлігі барлар;
  • Тіркелген заңды тұлғасы (ЖК, ЖШС) бар азаматтар;
  • Бір отбасы мүшесіне шаққандағы айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің (46 228 тг) 4 деңгейінен асатындар (184 912 тг).

Ал 1-5 санатқа жатқызылған отбасыларды қолдау шараларын тағайындау автоматты түрде жүзеге асырылады.

Министрлік скорингтік үлгіні енгізу республикалық бюджеттен кепілдендірілген әлеуметтік төлемдерге (барлығы 41 түріне) әсер етпейтінін атап өткен.

«Базалық және ынтымақты зейнетақылар, жүктілігі және бала күтімі бойынша 1,5 жасқа дейінгі жәрдемақылар, көпбалалы отбасыларға және марапатталған аналарға берілетін жәрдемақы, мүгедектік бойынша және мүгедек бала күтімі бойынша жәрдемақылар, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы, арнаулы мемлекеттік және басқа да жәрдемақы түрлері өзгеріссіз төленетін болады», – дейді министрліктергілер.

Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға арналған Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің 5 түрі бірдей көлемде сақталмақ.

Министрлік балдық үлгіні қолдану нақты мұқтаж азаматтарға мақсатты түрде көмек көрсетуді қамтамасыз етеді деп сендіреді.

Бұған дейін, Еңбек министрі Светлана Жақыпова адам басына ай сайын 200 000 теңгеден көп табыс түссе және ол отбасыда 2 немесе одан да көп жылжымайтын мүлік болса, отбасының көпбалалы екеніне қарамастан, қосымша қолдау алмайтынын айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз