Қазақстаннан шетелге аударылатын ақша көлемі күрт қысқарған

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылдың қаңтар–шілде айларында Қазақстаннан шетелге аударылған ақша көлемі соңғы бес жылдағы ең төменгі көрсеткішке түскен. Finprom.kz жазуынша, бұл кезеңде шетелге жалпы есебі 391,6 млрд теңге жіберілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,8%-ға аз. Шетелге аударылатын ақша көлемі үшінші жыл қатарынан қысқарып келеді.

Қазақстаннан қай елге ақша көп аударылады

Қазақстаннан ақша аударылатын елдер қатарында Өзбекстан көш бастап тұр: бұл елге 7 айда 125,3 млрд теңге жөнелтілген. Дегенмен аударылған ақша көлемі бір жылда 8,7%-ға азайған. Екінші орында Ресей келеді, ол жаққа жіберілген қаражат 14,1%-ға қысқарып, 119,7 млрд теңгені құрады. Үштікті Түркия түйіндеді: бұл елге аударымдар 26,7%-ға азайып, 67,3 млрд теңгеге жетті.

Шетелден Қазақстанға түсетін қаржы аударымдары да азайды. Олардың көлемі бір жылда 10,8%-ға кеміп, 126,6 млрд теңгені құрады. Мұнда да теріс динамика үшінші жыл бойы сақталып отыр.

Ресейден келетін қаражат 23,4%-ға азайып, 30,6 млрд теңгеге дейін түсті. Ал АҚШ пен Өзбекстаннан аударылатын ақша көлемінде, керісінше, аз да болса өсім байқалды: АҚШ-тан түсім 6,6%-ға артып, 19 млрд теңгеге, Өзбекстаннан 5,2%-ға өсіп, 13,2 млрд теңгеге жетті.

Қандай ақша аудару жүйесі танымал

Нарықтағы жетекші жүйелердің көрсеткіші де өзгерді. «Золотая Корона» бұрынғы позицияларын жоғалтып барады: жіберілген аударымдар 20,7%-ға азайып, 324,2 млрд теңге болса, қабылданғаны 18,4%-ға қысқарып, 60,7 млрд теңгені құрады.

Western Union керісінше өсім көрсетті: Қазақстаннан жіберілген қаражат 47,8%-ға артып, 45,6 млрд теңгеге жетті, ал қабылданған сомасы 40,8 млрд теңге көлемінде өзгеріссіз қалды.

MoneyGram да көрсеткішін жақсартты: жіберілгені 12,2%-ға өсіп, 9 млрд теңгеге, қабылданғаны 12,7%-ға көбейіп, 22,8 млрд теңгеге жетті.

2024 жылы халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы жіберілген ақша көлемі 1 трлн теңгеден асқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз