Алматыда ауа сапасын анықтайтын жасанды интеллект пайда болды

Almaty Air Initiative қоры Қазақстанда алғаш рет жаңа технологияны сынақтан өткізуді бастады. Ауадағы аллергендерді, зең спораларын, шаң-тозаң мен микропластик бөлшектерін жасанды интеллекттің көмегімен нақты уақыт режимінде анықтайтын автоматтандырылған PollenSense датчигі.
Құрылғы қазір қордың кеңсесі орналасқан Сәтбаев–Байтұрсынов–Тимирязев–Сейфуллин көшелерінің шаршысында орнатылып, сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Жасанды интеллект бөлшектердің суреттерін талдап, Алматыға тән аллерген түрлерін ажыратуды «үйреніп» жатыр. Бұл процесс 1–3 ай уақыт алады. Одан кейін мәліметтер барлық қала тұрғындарына қолжетімді болады. Деректерді ауаның ластануы бойынша PM2.5 пен NO2 көрсеткіштерімен бірге сайттан көруге болады.
Жұлдыз Сәулебекова, Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры:
«Алматыға аэробиологиялық және экологиялық мониторингтің ең жаңа AI-технологиясын әкелдік. Бұрын аллергендер мен зеңді анықтау үшін толыққанды зертхана қажет болып, талдау 10 күнге дейін созылатын. Ал қазір жасанды интеллекттің нақты мәліметті бірден алуға болады. Бұл Алматы үшін өте маңызды, өйткені кей деректер бойынша қала тұрғындарының 20–40%-ы аллергиядан зардап шегеді. Жаңа жүйе тұрғындарға күнделікті жоспарларын дұрыс құруға мүмкіндік берсе, дәрігерлер мен ғалымдар үшін қоғамдық денсаулықты зерттеуде тиімді құралға айналады», деді Сәулебекова.
Бұған дейін, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Алматыда ЖИ технологияларын дамыту бойынша кеңес өткізген еді.