Алматыға қытайлық туристер көп келіп жатыр

Алматы туризм бойынша елімізде көш бастап тұр. Биыл жарты жылда мегаполиске миллионнан аса турист келген.
Қалалық туризм басқармасының мәліметінше биыл алғашқы жартыжылдықта Алматыға 1,14 миллионнан астам турист келген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,5% көп. Туристердің 323,5 мыңы шетелдік болса, 816,5 мыңы ішкі турист.
«Әсіресе, Қытайдан келген мейман көп. Алты айда Алматыға 54,1 мың қытайлық азамат аялдаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 33,4% артық. Қытай Үндістаннан кейінгі екінші орынды иеленді (56,2 мың адам). Үздік бестікте Түркия (17,9 мың), Корея Республикасы (9,7 мың), АҚШ (9,6 мың), БАӘ (6,7 мың) және Германия (6,5 мың) бар», – делінген хабарламада.
Халықаралық туристер санының артуына туристік инфрақұрылымның дамуы мен қала қонақтарына арналған заманауи сервистерді енгізу ықпал етті. Қалалық туризм басқармасының мәліметінше, Алматы демалыс пен іскерлік туризм үшін тартымды бағыт ретінде позициясын нығайтып, туристік лектің ауқымын кеңейтіп, келушілерге жайлы жағдай жасап отыр.
Айта кетейік, 2025 жылы Алматы CNN нұсқасы бойынша үздік туристік бағыттардың қатарына кіріп, Booking.com тізімінде де жылдың трендтік бағыттарының бірі ретінде танылды.
Алматы Орталық Азияның туристік орталығына айналып жатыр. 2024 жылы мегаполиске 2,3 млн турист келген, оның 686 мыңнан астамы шетел азаматтары.