Ұйқысыздық мидың қартаюын жылдамдатады – зерттеу

Neurology журналында жарияланған зерттеу бойынша, созылмалы ұйқысыздыққа шалдыққан адамдар немесе аптасына кем дегенде үш рет қатарынан үш айдан артық дұрыс ұйықтай алмайтындар, қалыпты ұйықтайтындарға қарағанда деменцияға немесе жеңіл когнитивтік бұзылуларға 40% жиі ұшырайды. Бұл туралы Euronews хабарлады.
«Бұл ми жасын шамамен 3,5 жылға жеделдетеді«, делінген баяндамада.
«Алынған нәтиже ұйқы – тек демалыс емес, мидың тұрақтылығы үшін де аса маңызды екенін дәлелдейтін деректер қатарына қосылды», – дейді зерттеу авторларының бірі, АҚШ-тағы Mayo клиникасының неврологы доктор Диего З. Карвальо.
Карвальо бастаған топ 2 750 америкалық қарт адамды орта есеппен алты жылға жуық бақылаған. Бастапқыда олардың бәрі когнитивтік тұрғыда сау болған. Қатысушылардың 16%-ына «ұйқысыздық» диагнозы қойылған. Олар жүйелі түрде есте сақтау мен ойлау қабілетіне арналған тестілерден өтті, ал кейбіріне ми томографиясы жасалды.
Зерттеу нәтижесі бойынша:
- Ұйқысыздыққа шалдыққан адамдардың 14%-ында деменция немесе жеңіл когнитивтік бұзылу дамыған;
- Ұйқысы қалыпты адамдар арасында бұл көрсеткіш – 10%.
- Созылмалы ұйқысыздыққа шалдыққандардың ойлау қабілетінің төмендеуі жылдар өте айқынырақ байқалған.
«Біз ойлау қабілетінің жылдамырақ құлдырауын және мидағы өзгерістерді байқадық. Бұл созылмалы ұйқысыздық болашақ когнитивтік бұзылыстардың ерте белгісі болуы немесе оларды тудыруы мүмкін екенін көрсетеді», – дейді Карвальо.
Десе де ғалымдар ұйқысыздық ми ауруларын тікелей тудырады деп айта алмайды, тек екеуінің арасында байланыс бар екенін анықтаған. Бұл байланыстың нақты механизмі қосымша зерттеулерді талап етеді.
ДДСҰ деректеріне сәйкес, әлем шамамен 57 миллион адам деменцияға шалдыққан. Ал 16,2% халық ұйқысыздықтан зардап шегеді.
Бұған дейін, тырнаққа арналған гель-лактар қауіпті болып шыққанын жазғанбыз.