БҰҰ: Солтүстік Кореяда шетелдік фильм көргендерге өлім жазасы қолданылады

Солтүстік Корея соңғы жылдары өлім жазасын жиі қолдана бастаған. Олардың ішінде шетелдік фильмдер мен телесериалдарды көру де бар.
BBC ақпаратына қарағанда, БҰҰ есебіне сәйкес, билік халықты қатаң бақылауда ұстап, еркіндіктерін шектеп отыр. 2015 жылдан бері өлім жазасын қарастыратын кемінде алты жаңа заң қабылданған. Ким Чен Ын ақпаратқа қолжетімділікті барынша шектеп, шетелдік контентке тыйым салуды күшейткен.
Куәгерлердің айтуынша, 2020 жылдан бастап мұндай істер бойынша көпшілік алдында ату жазасы жиілеген. Кейбіреулерінің достары Оңтүстік Корея фильмдерін таратқаны үшін өлім жазасына кесілген.
БҰҰ баяндамасында соңғы он жылда Солтүстік Корея халқы күнделікті аштыққа, еңбекке мәжбүрлеуге және толық бақылауға тап болғаны көрсетілген. Технологиялардың дамуы үкіметке халықты бұрынғыдан да қатаң қадағалауға мүмкіндік беріп отыр.
Айта кететін жайт, Солтүстік Кореядан қашып келген жігіттер K-pop тобын құрды.