Прокуратура 2 жыл ішінде 850 млрд теңгенің активтерін қайтарған

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Тоқаев Бас прокурор Берік Асыловты қабылдады / Фото: Ақорда

Прокуратура 2 жыл ішінде 850 млрд теңгенің активтерін қайтарған. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Бас прокурор Берік Асылов айтқан.

Асылов екі жыл ішінде прокуратура органдары арқылы 850 млрд теңгенің активтері қайтарылғанын, бұл қаражатқа өңірлерде 400-ге жуық әлеуметтік және коммуналдық нысан салынғанын жеткізген. Сонымен бірге 60 ғимарат аяқталатыны айтылған.

Бас прокурор президенттің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмалар жүзеге асырылатынын, бизнесті белсенді қолдау үшін бас прокуратураға қарасты ведомствоның атауы өзгертілетінін мәлімдеген.

«Жаңа формат инвестицияға оңтайлы жағдай жасап, кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқығын қорғауға мүмкіндік береді», – делінген Ақорда хабарламасында.

Сонымен бірге бас прокурор құзырлы орган көмегімен қоғамда резонанс тудырған мәселелер мен азаптауға қатысты аса маңызды қылмыстық істер туралы және олардың тергеп-тексерілу барысы туралы баяндаған.

Бұдан бөлек қылмыстық жолмен тапқан кірістерді іздестірудің жаңа тәсілдері мен оны ел экономикасын дамытуға пайдалану перспективалары жөнінде де мәлімет берілді.

Қозғалған қылмыстық істер бойынша жалпы құны 105 млрд теңге болатын мүлікке тыйым салынып, есірткіге қарсы істер бойынша 12 млрд теңгеге жуық активтер қолға түсірілген.

Президент Асыловқа қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту жұмыстарын жалғастыруды тапсырған.

Сондай-ақ оқыңыз