Елімізде 8 айда 78 мың неке қиылып, 227 мыңға жуық сәби өмірге келді

Биыл 8 айда Қазақстанда неке қиып, шаңырақ көтерген жұптар саны 78 мыңға жуықтады. Осы уақыт аралығында 226 803 бала дүниеге келді. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы мәлімдеді.
Жас жұбайлар некелерін тіркеу үшін көбіне есте қаларлық күндерді таңдайды. Мәселен, қос тоғыз тоғысқан 9 қыркүйек күні 631 жұп шаңырақ көтерсе, 1 195 сәби тіркелді,- деп жазды корпорация.
«Азаматтарға арналған үкімет» некеге тұру үшін өтінішті таңдаған күннен кемінде 15 күн бұрын беру қажеттігін еске салды. Өтінішті АХАТ бөлімдерінде немесе электрондық үкімет порталында немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы тапсыруға болады. Онлайн қызмет тек Қазақстан азаматтарына қолжетімді, ал бөлімшелер арқылы өтінішті кез келген азамат бере алады.
Сондай-ақ әрбір азамат салтанатты неке қию рәсіміне ақылы түрде тапсырыс бере алады. Ол үшін АХАТ бөлімдеріне жүгіну немесе «ЦОН» мобильді қосымшасы немесе электрондық үкімет порталы арқылы өтініш қалдыру жеткілікті.
Айта кетейік тамыз – неке қию үшін ең танымал ай. 2015–2024 жылдар аралығындағы деректерге сәйкес, елдегі некенің көпшілігі тамыз айында тіркеледі.
Статистика бюросының мәліметінше, соңғы он жылда бұл айда орта есеппен жыл сайын 14,9 мың неке қиылған. Ең жоғары көрсеткіш 2016 жылы тіркеліп, 16,9 мың некеге жеткен.
Еске салайық қыркүйектің екінші жексенбісінде елімізде жыл сайын Отбасы күні атап өтіледі. Бұл мереке қоғамдағы отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған.