Польша Ресей-Беларусь әскери жаттығуы басталған шақта шекарасын жапты

Польша Ресей мен Беларусьтің бірлескен «Батыс-2025» әскери жаттығулары басталған шақта Беларусьпен шекарасын жапты.
Жаттығу 12-16 қыркүйек аралығында өтеді.
ВВС-дің орыс қызметі тараптар жаттығуды Ресей мен Беларусь Одақтық мемлекетіне қарсы ықтимал агрессияға төтеп беру дайындығын тексеру ретінде сипаттайтынын жазған. Бұдан бөлек, жаттығу барысында «ядролық қаруды қолдану жоспары» және орта қашықтықтағы «Орешник» зымыранын қолдану сценарийлері пысықталады деп хабарланған. Жаттығуға тартылған әскер мен техниканың нақты саны жарияланған жоқ.
Беларусь мемлекеттік ақпарат агенттігі БЕЛТА-ның хабарлауынша, бұл – жоспарлы іс-шара. Бұған дейін екі ел аумағында дайындық маневрлері өткізілген. Жаттығу елдің ішкі аймақтарындағы немесе шығыс өңірлеріндегі полигондарда өтеді, олар «қорғаныс сипатында» деп көрсетілген.
Польшаның ішкі істер министрі Марчин Кервинский шекараның жабылуы жаттығулардың нақты күндеріне байланысты емес екенін айтады. Ол бұл шара Польша қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қанша уақыт қажет болса, сонша уақытқа созылатынын жеткізді.
«Бұл маневрлер тікелей Польша мен Еуропалық одаққа қарсы бағытталған. Оның барысында біздің елімізге қарсы агрессивті соғыстың түрлі нұсқалары пысықталып жатыр», – деді ол.
Польша әскери қарсы барлау қызметінің бұрынғы басшысы Мацей Матысяктың айтуынша, жаттығулар Польшаға Сувалк дәлізі арқылы шабуылды имитациялауға бағытталған.
Бұл жаттығуға дейін 19 ресейлік дрон Польшаның әуе кеңістігін бұзып өткен. Олардың бір бөлігі атып түсірілген, осыдан кейін Польша мен НАТО авиациясы әуеге көтерілген. Бұл – Ресей Украинаға соғыс ашқалы бері НАТО елі аумағында ресейлік дрондардың алғаш рет атып түсірілуі. Мәскеу оқиғаға қатысы жоқ екенін айтады, ал НАТО мұны шабуыл деп санамайтынын мәлімдеді.
Бұған дейін, Латвия Ресей және Беларусь шекарасы маңындағы әуе кеңістігін жапқан.