Paramount медиахолдингі Warner Bros-ты сатып алмақшы

Фото: коллаж Kursiv Media
Paramount Skydance медиахолдингі Warner Bros. Discovery-ді сатып алып, әйгілі екі голливудтық студия бірігуі мүмкін. Бұл туралы дереккөздеріне сілтеме жасаған The Wall Street Journal жазады.
Басылым деректеріне сүйенсек, Paramount Skydance Warner Bros. Discovery-дің барлық медиаактивтерін сатып алғысы келеді. Мәміленің негізгі бөлігін ақшалай төлеуді жоспарлап отыр. Басқа мәліметтері белгісіз.
Warner Bros. Discovery-дің нарықтық құны шамамен 33 млрд доллар болған, бұл Paramount Skydance капиталынан екі еседен артық. Компаниялардың бірігуі туралы жаңалық шыққаннан кейін Warner Bros. Discovery акциялары 29%-ға, ал Paramount Skydance қағаздары 15,6%-ға қымбаттады.
Paramount – АҚШ-тағы ең ірі медиа және ойын-сауық корпорацияларының бірі. Штаб-пәтері Лос-Анджелесте орналасқан. Оның құрамына Paramount Pictures (Голливудтың ең көне және ірі кинокомпанияларының бірі), CBS Television, Nickelodeon, MTV, Comedy Central, Showtime сияқты әлемге танымал брендтер кіреді.
Warner Bros. Discovery 2021 жылы WarnerMedia (AT&T-тің медиа бөлімшесі) мен Discovery Inc. компанияларының бірігуі нәтижесінде құрылды. Бүгінде компанияның құрамында HBO, Warner Bros., Discovery, DC Comics, CNN, Cartoon Network тәрізді 100-ден астам танымал медиабренд бар.