Өрттен келген шығынды кім өтейді: ірі сауда орталықтарына жаңа талап қойылды

15 қыркүйектен халық көп жиналатын ірі нысардардың иелері өз жауапкершілігін міндетті түрде сақтандыруға тиіс. Бұл талап 2025 жылдың 24 маусымында Мемлекет басшысы қол қойған жаңа заңда көзделген.
Жаңа ереже сауда орындары мен ойын-сауық орталықтарына қатысты. Егер нысанның аумағы 2 000 шаршы метрден асса, иесі өрт болған жағдайда келушілерге немесе жалға алушыларға келетін зиянды өтеу үшін сақтандыру шартын жасасуы міндетті. Мұндай келісімшартсыз нысанның жұмыс істеуіне рұқсат берілмейді. Толық тізімді Төтенше жағдайлар министрлігі бекітеді.
Сақтандыру өрт салдарынан:
- адамның өміріне,
- денсаулығына,
- мүлкіне келген зиянды жабады.
Өтемақы мөлшері қандай
Сақтандыру сомасы кемінде 75 мың АЕК (шамамен 295 млн теңге) құрауы тиіс. Мүлікке келген шығын нақты анықталмақ, бірақ 1,5 мың АЕК-тен (5,9 млн теңгеден) аспайды.
Адам өмірі мен денсаулығына зиян келсе:
- қайтыс болған жағдайда – 5 мың АЕК (19,7 млн теңге);
- I топ мүгедектігі – 4 мың АЕК (15,7 млн теңге);
- II топ мүгедектігі – 3 мың АЕК (11,8 млн теңге);
- III топ мүгедектігі – 1,5 мың АЕК (5,9 млн теңге);
- балаға мүгедектік тағайындалса – 3 мың АЕК (11,8 млн теңге);
- жарақат, сынық немесе өзге зақым болса ем-дом шығынын өтеуі тиіс, бірақ 750 АЕК-тен (2,9 млн теңгеден) аспайды.
Келісімшартты лицензиясы бар 15 сақтандыру компаниясының кез келгенімен жасауға болады.