Ардақ Назаров не себепті анасын мәжіліс мінберінде құттықтағанын айтты

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Ардақ Назаров желіде жазба жариялады/фото: kursiv.media архиві

Мәжілісте анасын туған күнімен құттықтаған депутат Ардақ Назаров желіде жазба жариялады.

«Анасын туған күнімен құттықтады деп даурығып жатқан жандарға жол болсын. Кеше ғана әкесін қан-жоса етіп тепкілеп, боқтаған видеоны баршаңыз көрдіңіздер. Бұл қабырғамызды қақыратып, жүрегімізді сыздатты. Оны көрген жас ұрпақ ертең оны қайталамасына кім кепіл?», – деп жазды Назаров.

Депутаттың айтуынша, бұл ілуде бір кездесетін жағдай емес.

«Дәл осындай сәтте елге ой салсақ, өскелең ұрпаққа сабақ болса деген ниетпен биік мінберден, биік анаға деген құрметімді жеткізгім келді. Мәселе Парламент төрінде құттықтағанымда емес. Мәселе қайда жүрсең де, қандай қызмет атқарсаң да, мейлі кім болсаң да ата-анаңды құрметтеуді ұмытпауда», – деп жазды депутат.

10 қыркүйекте Назаров мәжіліс отырысында анасын туған күнімен құттықтады.

«Бүгін менің анашымның туған күні, 70 жасқа толды. Құттықтауға рұқсат етсеңіз (Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановқа). Қадірлі анашым, (сізді) туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймын. Сіздің мейірімге толы жүрегіңізге, жүзіңізден төгілген нұрға шомылып өстім. Анашым, әкетейым екеуіңіз құстың қос қанатындай мәңгі бірге болып, Құдай бере салған немерелеріңіздің қызығын көріңіздер. Анашым мен сізді қатты жақсы көремін. Сіздің алдыңызда басымды иемін. Баршаңыздың анаңыз аман болсын», – деді Назаров.

Депутаттың анасына деген жылы лебізіне әріптестері қол соғып, қолдау көрсетті. Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов та депутаттың анасын құттықтады.

Сондай-ақ оқыңыз