Жасанды интеллект министрлігі немен айналысады?

8 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған жолдауында Тоқаев жасанды интеллект министрлігін құру туралы тапсырма берді. Жаңа ведомство Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі базасында құрылады. Әзірге министрі кім болатыны белгісіз. ЖИ министрлігі қандай мәселемен айналысуы керек? Қандай бағытта жұмыс істейді? Сарапшылардан сұрап көрдік.
Бюрократия азаюы керек
Жасанды интеллект министрлігі құрылады дегенді жаңа ведомство пайда болады деп түсінбеу керек дейді IT-сарапшы Тимур Бектұр.
«Цифрлық даму министрлігі осыған дейінгі атқарып жатқан ЖИ-ге қатысты жұмыстарын жалғастыра береді. Тек назар көбірек бөлінеді деп ойлаймын. Цифрлық даму министрлігінің мамандары тарапынан жалғасын табады деп білемін. Оның үстіне бізде Жасанды интеллект комитеті бар ғой. Сол комитетке біраз құзіреттер берілуі мүмкін», – деді ол Kursiv. Media тілшісіне берген жауабында.
Сарапшы Аршат Ораз жаңа құрылған министрлік бұл салаға көп мүмкіндік беруі керек деген пікірін айтады.
«Цифрлық даму бойынша 3 жылға нақты тапсырма бар. Бұны орындау үшін, яғни фокус тек осында болу үшін бөлек министрлік құрылды деп ойлаймын. Керісінше осы сала бойынша бюрократия азайып, осы бағыттағы тапсырмаларды орындауға уақыт және мүмкіндіктері көп болуы тиіс. Егер ІТ мамандарын қағазбастылықпен «жеп» қоймай, еркін жұмыс істеулеріне мүмкіндік берілсе, жақсы нәтижелер болады деген ойдамын», – дейді ол.
IT ол техникалық қана емес шығармашылық саласы екенін де ұмытпау қажет. Сондықтан оларға қаптаған шектеулерді азайтқан дұрыс деп есептейді маман.
«Қазақстанда жақсы кадрлер көп. Түрлі стартаптар, ЖИ жобалары, суперкомпьютер бойынша қазақстандық мамандар жұмыс істеп жүр. Жалпы олар шығармашылық адамдары ғой. Сондықтан бір жағынан мемлекеттік қағаз қызметтері мен техникалық жұмыстар бір бірімен қақтығыс жасамаса, дұрыс шешім тауып, бір мақсатта жұмыс істесе жақсы болады», – деп түсіндіреді Аршат Ораз.
Өзгелер министрлік ашса, бізде ашамыз деген сөз емес
Жасанды интеллект министрлігін ашқан бірінші ел Қазақстан емес. 2017 жылы БАӘ-де ЖИ-ге қатысты ұлттық стратегия әзірленді. Ал 2020 жылы елде арнайы ведомство құрылып, ханзада Омар Сұлтан Әл-Олама әлемдегі алғашқы ЖИ министрі деп тағайындалды.
Министрліктің басты мақсаты – жасанды интеллекті елдің барлық саласына енгізу, цифрлық экономиканы дамыту және қашықтан жұмыс істеу мүмкіндіктерін кеңейту. 2027 жылға қарай Абу-Даби билігі « AI-ға негізделген әлемдегі алғашқы толыққанды үкіметке» айналуды жоспарлап отыр.
Ал Албания одан әрі барып осы айда жасанды интеллекті министр етіп тағайындады. Оған Diella деген атау берді, Diella мемлекеттік сатып алуларға жауап беруі керек.
«Бірақ өзгелер сондай министрлік ашты деген сөз, біз де ашуымыз керек деген сөз емес. Сондай-ақ, кейбір елдер бұрынғы технологиялық министрліктерге осылай ребрендинг жасап жатқан да болуы мүмкін. Бізде де солай секілді көрінеді. Өйткені, жұмыс атаумен шешілмейді, атқарылатын жұмыспен шешіледі. Ал бізде олай аталып жатқан себебі, «цифрландырудан кейінгі келесі қадам, жасанды интеллект дәуіріне өтуіміз керек» деген сөз деп түсіндім», – дейді сарапшы Тимур Бектұр
Әзірге министрлік ресми түрде құрылып, басшысы бекітілген жоқ. Президент тек жаңа министрлікті премьер-министрдің орынбасары деңгейінде тұлға басқаруы керек екенін атап өтті. Жаңа ведомство Цифрлық кодексті қабылдаудан бастауы керек.
«Цифрлық кодекс» – бұл цифрлық даму саласын жүйелі түрде реттеуге арналған заңнамалық құжат. Аталған құжатты министрлік осы жылы қабылдап үлгеруі тиіс.