Алаяқтар ойын баласын алдауға көшкен: ІІМ сақтану жолдарын түсіндірді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
алаяқ аккаунттар
Алаяқтар балаларды қалай алдайды? / Фото: kursiv.media архив

Cоңғы жылдары алаяқтар балаларды да алдауға көшкен. ішкі істер министрлігінің мәліметінше, интернет алаяқтардың тұзағына ойын баласы да жиі түседі.

Алаяқтар өзінің арам ойын жүзеге асыру үшін балалр көп ойнайтын танымал ойындарға тіркеледі. Онда кейіпкерге қажетте түрлі тауарлар ұсынып, жалған сайттарға бағыттайтын сілтемелер салады.

«Алаяқтар ойындардағы виртуалды тауарларды – кейіпкерлерді, киім-кешектерді, әртүрлі заттарды сату үшін жалған сайттар жасайды. Егер мұндай сайттарға банк картасының деректері немесе аккаунттың құпиясөзі енгізілсе, олар бірден қылмыскерлердің қолына түседі», – деп ескертеді министрлік.

Балалар алаяқтардан қалай қорғана алады?

Бірінші кезекте ата-ана балаларға оңай ақша болмайтынын түсіндіріп, цифрлық сауаттылыққа үйретуі керек.

Алаяқтар баланы тек жалған сайттарға бағыттап қоймай, пікір жазғаны үшін ақша ұсынуы мүмкін. Кейін пікір үшін жиналған қаражатты алу үшін балалардан белгілі бір сомада комиссия сұралады. Сол комиссия төлемдерін жүргізу үшін есепшот деректерін енгізген кезде, алаяқтар өз дегеніне жетіп, карта деректерін қолға түсіреді.

Сонымен бірге алаяқтар жасөспірімдерден ақшаны қолма-қол қаражатқа айналдырып беруін сұрауы мүмкін. Мұндайда алаяқтар баланың карта деректерін ұрланған қаражатты жылыстату үшін пайдаланады. Сондықтан, бұл жөнінде де балаға алдын-ала ескертке жөн.

Балаға мына нәрселерді үйреткен абзал:

  • күмәнді сілтемелерге өтпеу;
  • бөгде сайттарға картаның деректерін немесе құпиясөздерді енгізбеу;
  • виртуалды тауарларды тек ресми қосымшалар арқылы сатып алу;
  • әлеуметтік желілердегі боттар арқылы төлем жасамау.
  • картаны және оның деректерін ешкімге бермеу;
  • есепшотқа қате ақша түскен жағдайда, оларды аударуға болмайды — дереу банкке хабарласу қажет;

Себебі дропперлік үшін қазіргі таңда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Достарынан ақша сұрау схемасы

Сонымен бірге алаяқтар әлеуметтік желілердегі аккаунттарды бұзып, байланыс тізіміндегі барлық адамдарға қарызға ақша сұрап хабарлама жіберуі де мүмкін. Сондай-ақ зиянды сілтемелер жібереді. Мұндай қауіптің алдын алу үшін кибергигиена ережелерін сақтаған абзал. Балаға мына нәрселерді ескерту ұсынылады:

  • «досқа» көмектеспес бұрын, алдымен оған жеке қоңырау шалу;
  • антивирустық бағдарламаларды орнатып, уақытылы жаңартып отыру;
  • кішкентай балалар үшін ата-ана бақылауы қосымшаларын қолдану;

«Келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін ата-ана мен бала арасында сенімді қарым-қатынас орнату маңызды. Бала кез келген қателігін, біреудің алдап кеткенін немесе қорқытып жатқанын жасырмай айтуға қорықпауы тиіс», – деп ескертеді полиция.

Ол үшін баламен алаяқтардың негізгі айла-тәсілдері туралы сөйлесу керек. Сонымен бірге балаға интернеттен бір нәрсе сатып алар кезде, банк картасының деректерін енгіетінде, бөтен адамдарды әлеуметтік желіде достыққа қабылдайтында үйдің үлкенімен ақылдасу қажет екенін ескерткен дұрыс.

Ішкі істер министрлігінің дабыл қағып, ата-аналарға алдын-ала ескерту жасап жатқанының себебі бар. Өйткені қаскөйлер балалар ойынын өздерінің арам пиғылын жүзеге асыратын платформа ретінде пайдаланады. Мәселен, танымал ойын  Roblox-ты қаскүнемдердің қитұрқы мақсатта пайдаланатыны туралы айтылып жатыр. Бұл ойын көмегімен жасөспірімдерді бопсалау, кішкентай қыздардың интимді суретін алу сынды арам ниетте пайдалану жағдайлары жиі тіркеледі. Сол себепті Түркия, Қатар, Кувейт секілді бірқатар елдер бұл ойынға тыйым салу мәселесін қарастырып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз