Цифрлық теңге заңды төлем құралына айналмақ: банк жүйесіне әсері қандай

15 қыркүйекте Мәжіліс қарауына «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» жаңа заң жобасы енгізілді. Бұл құжат осыдан 30 жыл бұрын қабылданған заңды алмастырмақ. Құжатта жазылған басты мәселенің бірі – цифрлық теңгенің құқықтық мәртебесін бекіту. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловтың айтуынша, заң қабылданған соң, цифрлық теңге де заңды төлем құралына айналмақ.
Цифрлық теңге деген не
Берік Шолпанқұловтың мәліметінше, цифрлық теңге – Ұлттық банк шығаратын ұлттық валютаның жаңа түрі. Оған қолма-қол ақша сияқты мемлекет кепілдік береді және төлем жасауға толық жарамды болады. Оның басты артықшылықтары мынандай:
- жедел төлем мен онлайн-операцияларды орындау мүмкіндігі;
- жоғары деңгейдегі қауіпсіздік;
- құпиялық қағидаттарының сақталуы.
Жаңа валютаны айналымға енгізу үшін «цифрлық шот» деген жаңа ұғым енгізіледі. Цифрлық теңге дәл осы шоттарда сақталады және есепке алынады. Цифрлық шотта банк құпия мәртебесі қолданылады, ал қаражатқа заңнамаға шектеу немесе арест қою тәртібі қарастырылған.
Бұл ретте Ұлттық банк – эмитент әрі оператор болса, ал цифрлық теңгені халыққа тарату мен шоттарды жүргізуді екінші деңгейлі банктер мен қаржы нарығының қатысушылары атқарады.
Цифрлық теңгені қайда қолдануға болады
Цифрлық теңге күнделікті өмірде дәстүрлі төлем құралдарымен қатар пайдаланылуы мүмкін. Пилоттық жобалар барысында ол банк саласында, POS-терминалдар арқылы және мультивалюталық карталарда сыналған. Сынақ нәтижесі оның толыққанды жұмыс істей алатынын көрсетті.
«Цифрлық теңге қолма-қол және электрондық ақшаның ең басты қасиеттерін біріктірді. Ол тауар мен қызмет үшін төлем жасау кезінде кедергісіз қолданылады», – деді Берік Шолпанқұлов.
Бюджет қаражатының ашықтығы сақталмақ
Цифрлық теңгенің тағы бір артықшылығы – оған белгі соғып, «бағдарламалау» мүмкіндігі. Бұл қаражаттың қайда және қалай жұмсалып жатқанын бақылауға мүмкіндік береді.
Ұлттық банк жүргізген пилоттық жобалар аясында цифрлық теңге жол құрылысы, ауыл шаруашылығын субсидиялау, несие қаражатын қадағалау және қосылған құн салығын қайтару процестерінде қолданылған.
Банк секторына қалай әсер етеді?
Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, цифрлық теңге тек жаңа мүмкіндіктер ғана емес, бірқатар қауіп-қатер де әкеледі. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының қаржы технологиялары және инновациялар секторының меңгерушісі Константин Пактың пайымдауынша, цифлық теңгені айналымға енгізуде қандай тәуекел туындайтыны нақты бағаланбаған.
«Бұл тәуекелдер әзірге толық бағаланған жоқ, оны цифрлық теңгенің айналым көлемі мен қолдану аясы белгілі болған соң ғана нақты анықтауға болады. Қазіргі кезде жоба даму кезеңінде тұр, оның көлемі мен қолданылу саласы айтарлықтай кең емес. Сондықтан цифрлық теңге экономика субъектілерінің басым бөлігі үшін қолжетімді емес», – дейді сарапшы.
Сарапшының айтуынша, бұл жердегі басты мәселе – цифрлық теңгенің екінші деңгейлі банктер балансында сақталмауы. Ол Ұлттық банктің тікелей міндеттемесі болып саналады. Сондықтан цифрлық теңгенің көлемі артқан сайын, екінші деңгейлі банктердің экономикаға несие беру үшін пайдаланатын қаржы базасы қысқаруы мүмкін.
«Сонымен қатар, цифрлық теңге мен қолданыстағы теңгенің айырмашылығы жаңа экономикалық теңсіздікке әкеп соғуы ықтимал. Нарықта екі түрлі ақша құралы пайда болған жағдайда, олардың өтімділігі мен қолдану аясына байланысты айырбас бағамынан алыпсатарлар пайда табуы мүмкін», – дейді ол.
Киберқауіпсіздік те маңызды фактор болып отыр. Цифрлық теңге толықтай Ұлттық банк инфрақұрылымына тәуелді, сондықтан орталықтандырылған жүйеге тән тәуекелдер сақталады.
Халықаралық тәжірибе қандай
Сарапшының айтуынша, қазіргі кезде шетелдік тәжірибені толықтай қолдану мүмкін емес. Әр елдің экономикасы, ауқымы мен ерекшелігі бөлек.
Ең қызығы – АҚШ тәжірибесі. Әлемнің ең ірі экономикасы бүгінгі күнге дейін CBDC енгізуді тәуекелі жоғары жоба деп санап, мұндай тәжірибеге заң жүзінде тыйым салған.