Самокаттарға тыйым салына ма – Бектенов жол қозғалысын ретке келтіруді тапсырды

Үкіметте жаяу жүргіншілердің еркін қозғалуына қауіп төндіріп жүрген көлік құралы – электросамокаттардың қозғалысын реттеу мәселесі талқыланды. Премьер-министр Олжас Бектенов электросамокаттардың қатысуымен 360-тан астам оқыс оқиға тіркелгенін айтып, олардың қозғалысын заң негізінде реттеуді тапсырды.
«Электр мопедтері мен самокаттарды пайдалану барысына бақылауды күшейту қажет. Олар қоғамдық көліктерге түсетін жүктемені біршама азайтады. Оны мойындау керек. Сонымен қатар тұрғындарға да қолайсыздық келтіріп, жол қозғалысына қауіп төндіруде. Жыл басынан бері электросамокаттардың қатысуымен 360-тан астам оқыс оқиға тіркелді», – деді Бектенов.
Өз жолдауында бұл өзекті мәселеге президенттің де ерекше назар аударғанын айта келе, бірнеше шетелдің тәжірибесіне тоқталды. Айтуынша, бірқатар елдер мұндай көлік құралдарынан толық бас тартқан немесе шектеу қойылған. Мәселен, Парижде 2023-ші қыркүйек айынан бастап самокаттарды жалға алуға тыйым салынып, тек өз құралын пайдалануға рұқсат берілген.
«Өткен жылдың қазан айынан бастап Мадридте де дәл осындай шектеу шаралары күшіне енді. Ұлыбританияда әрбір электросамокатқа мемлекеттік нөмір беріліп, оны тек жүргізуші куәлігімен ғана басқаруға болады. Ішкі істер министрлігіне заңнамаға тиісті түзетулер енгізуді жылдамдатуды тапсырамын. Бүгін біз осы мәселе бойынша Үкімет қорытындысын қабылдаймыз», – деді ол.
Еске сала кетсек, Алматы мәслихатының депутаты Бейбіт Құсайынов осыған дейін электросамокаттарға тыйым салу мәселесін көтерген болатын.
Ал ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасы Қайсар Сұлтанбаев самокаттардың бей-беркет қозғалысын реттеу үшін кикшерингілік компанияларды жауапқа тарту мәселесі қарастырылып жатқанын айтқан болатын.
ІІМ талаптарына сәйкес, Jet, Яндекс, Woosh, Bolt сынды кикшерингілік компаниялар полиция қызметкерлерінің қатысуымен мобильді патрульдік топтар құрып, самокаттардың ретсіз қалуына жол бермеуі керек.