Жанабыловтар сот шешіміне қарамастан, ұтыс ойындарын жалғастырады

Блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегеноваға қатысты сот отырысынан кейін адвокат Олег Чернов журналистердің сұрақтарына жауап берді. Ол блогерлердің өз оқырмандарына берген уәделері бар екенін айтып, болашақта да курс өткізіп, ұтыс ойындарын жалғастыратынын жеткізді.
Блогерлердің ұтыс ойыны жалғасады…
«Курсив» тілшісінің сұрағына жауап берген Олег Чернов, егер блогерлер әкімшілік айыппұлмен келісіп, оны төлегенде, өз міндеттемелерін орындай алмас еді деп түсіндірді.
«Олардың мойнында міндеттемелер қалды. Олар бәрібір сол сыйлықтарды ойнатып, курстарын өткізуі керек болатын. Ал егер олар қайтадан ұсталса ше? Не болар еді? Барлығы тәркіленер еді. Себебі бір жыл ішінде қайталанған жағдайда барлық заттар тәркіленуге жатады», – деді адвокат.
Журналистер Жанабыловтар соттан кейін курс пен ұтыс ойындарын өткізуді жалғастыра ма деп сұрағанда, адвокат міндеттемелер туралы тағы да еске салды.
«Менің ойымша, олар өткізеді. Өйткені олар өз міндеттемелерін орындауы керек. Егер комитетте немесе прокуратурада ұтыс ойынына қатысты күмән болса, мүмкін оны басқа форматта өткізу керек шығар? Мемлекеттік орган мен қатысушылардың бәрі бұл процестің ашық екеніне көз жеткізуі үшін», – деп болжады Олег Чернов.
Сот шешімімен келіспейді
Адвокат ерлі-зайыпты блогерлерге қатысты әкімшілік істерді тоқтатып, материалдарды алдын ала тергеу үшін Экономикалық тергеу департаментіне жіберу туралы сот шешіміне шағым түсірмек.
«Біз әкімшілік хаттама дәлел ретінде жарамсыз екенін дәлелдей алдық. Соттың адамдарды кінәлі деп тануына негіз болатын нақты дәлелдер болмады. Ал судьяның ‘қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар’ дегені, бұл олар қылмыстық құқықбұзушылық жасады дегенді білдірмейді. Бұл – барлық уәждердің толық зерттелмегенін көрсетеді», – деді Олег Чернов.
Черновқа «Егер Туризм және спорт министрлігіне қарасты комитет қылмыстық құқықбұзушылық белгілерін байқаса, неге істі бірден қылмыстық сотқа емес, әкімшілік сотқа жіберді?» – деп сұрақ қойылды.
«Осы дәлелдердің жеткіліксіздігі соттың не оларды ақтауға, не істі қосымша тергеуге жіберуге мәжбүр еткенін көрсетті. Мен бұл іс қысқартылады деп күткенмін», – деп жауап берді ол.
Еске салайық Сот Ерболат Жанабыловтың заңсыз лотерея өткізу фактісі бойынша қозғалған әкімшілік ісін тоқтату туралы қаулы шығарды. Бұл істе қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар болғандықтан, іс Экономикалық тергеу департаментіне жолданатын болды. Оның жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты әкімшілік істі те тоқтатылып, қылмыстық іске ауыстырлды.