Жемқорлардың ақшасына Қарағанды облысында 51 медициналық мекеме ашылады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қарағанды облысында қайтарылған активтер есебінен 51 медициналық мекеме ашылады / Фото: Үкімет

Жемқорлардан қайтарылған қаражатқа Қарағанды облысында медициналық мекеме ашылды. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

«Қарағанды облысы Шет ауданы Еңбекшіл ауылында жаңа медициналық пункт жұмысын бастады. Әлеуметтік нысан Мемлекет басшысының ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде елге қайтарылған заңсыз иемденілген активтер есебінен салынды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Елдімекенде бой көтерген медициналық пункт 200-ден астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Заманауи медициналық құрал-саймандармен жабдықталған мекемеде дәрігерге дейінгі қарау, тексеру және ем-шаралар кабинеті бар.

Сонымен бірге шұғыл жағдайларда ауыл тұрғындарына көмек көрсету үшін ғимаратқа аудандық ауруханадан реанимобиль көлігі бекітілген.

Дәл осындай жоба Жыланды ауылында да жүзеге асырылады. Бұдан бөлек Қарағанды облысында Арнаулы мемлекеттік қор қаражатына 51 медициналық мекеме салу жоспарланған. Оның 24-і бүгінгі күні салынып, 11-і пайдалануға берілген. Қалған 27 нысанның құрылысы әлі жүргізіліп жатыр. Барлық жоба қыркүйектің соңында аяқталады.

Жалпы ел бойынша «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 655 жобаның 540-ы жүзеге асырылған.

Еске сала кетсек, жемқорлардан қайтарылған қаражат есебінен Жамбыл облысында екі медициналық амбулатория құрылысы жүргізіліп жатқаны хабарланған болатын. Сонымен бірге Арнаулы мемлекеттік қор қаражатына биыл 28 мектеп салу жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз