Алтынның қымбаттауы санкциядан зардап шеккен Solidcore-ды құтқарады

Жарияланды 16 Қыркүйек 2025 11:13

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Solidcore Resources алтын компаниясы / фото: REUTERS
Solidcore Resources алтын компаниясы / фото: REUTERS

Қазақстандағы Solidcore Resources ірі алтын өндіруші компаниясы құнды металл құнының көтерілуіне иек артып отыр. Компания басшысы санкциядан кейінгі қиындықтардан шығу жолдары туралы айтып берді. Бұл туралы Kursiv.Media Reuters мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Алтын және санкция

Solidcore Resources бас директорының айтуынша, алтын бағасының көтерілуі мен акциялар саудасы компанияға өндірістің төмендеуінен туындаған шығынның көп бөлігін жабуға мүмкіндік береді. Биыл алтын шамамен 40%-ға қымбаттады. 16 қыркүйекте бағалы металдың бір унциясы 3682 доллардан сатылып жатыр.

Бұған дейін Polymetal International деп аталған Solidcore 2024 жылы ресейлік акцияларын сатқан. Өйткені компания АҚШ санкцияларына іліккен. Соған қарамастан, компания әлі күнге дейін алтынды Ресейге сатып отыр. Reuters мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы жартысында компания табысы, Құрама Штаттар шектеуінен кейін, 58%-ға азайды.

«Бірақ шілде мен тамыз айларында жағдай айтарлықтай жақсарды. 2025 жылы алтын бағасы өндірістің 11%-ға кемігенін туындаған шығынды әжептәуір жабады», – дейді Solidcore бас директоры Виталий Несис.

Оның айтуынша, компания қорды 2026 жылдың алғашқы тоқсанында сатуды көздеп отыр. Топ-менеджер жыл аяғына қарай алтын бағасы қайтадан 3200 долларға дейін төмендеуі мүмкін деп болжайды.

Алтын бағасының көтерілуі компанияны Орталық Азияда мыс және алтын активтерін сатып алу жоспарын кейінгі қалдыруға мәжбүрлеген.

«Алтын қымбаттаған уақытта сатушылар да бағаны көтеріп жіберді. Бірақ ұсынысымыздың құнын көтеруге дайын емеспіз», – дейді Несис.

Solidcore кімге тиесілі?

Solidcore – Polymetal компаниясының Қазақстандағы мұрагері. Ресейдегі активтерінен бөлінгеннен кейін, компания Қазақстандағы екінші ірі алтын өндірушіге айналды. Оның негізгі иесі – Оман үкіметіне тиесілі Mercury Investments International инвестициялық қоры. Бұл қор Solidcore-дың 29,7% акциясына ие.

Жақында алтын өндіруші компаниясының жарты жылдық таза пайдасы үш есеге қысқарғаны мәлім болды.

Компания жақында Қазақстанның солтүстігіндегі Тоқтар, Оңтүстік Тоқтар және Барамбай кен орындарын сатып алатынын хабарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз