Банктерді бюджет қаржысы есебінен құтқару шектелмек

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

Қазақстан үкіметі дағдарыс кезінде банктерді бюджет қаржысы есебінен құтқаруды тоқтатады. «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» жаңа заң жобасына осындай өзгеріс енгізілмек.

Жаңа заң жобасын талқылау барысында Мәжілістің төраға орынбасары Дәния Еспаева банктердің қаржы жағдайын қалпына келтіру енді олардың өз жауапкершілігінде болатынын атап өтті. Бұған дейін мемлекет проблемалық банктерді қолдауға бірнеше рет араласқан болатын.

Заң жобасына сәйкес, мемлекет тек жүйелік маңызы бар банкке ғана көмек көрсете алады. Бұл мәртебені Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі анықтайды. Сонымен қатар берілген қаражат міндетті түрде банктердің арнайы жарналары есебінен қайтарылмақ.

Маңызды талаптардың бірі – мемлекет алдындағы қарызын толық өтемейінше, банктердің акционерлеріне дивиденд төлеу немесе топ-менеджерлеріне сыйақы бөлуге қатаң тыйым салынады. Бұл шаралар банктердің өз қаржы тұрақтылығын нығайтуға ынталандыруды көздейді.

Дания Еспаева банктердің нақты секторды қаржыландырудағы үлесі жылдан-жылға төмендеп келе жатқанын да айтты.

Оның сөзінше, соңғы он жыл ішінде экономикадағы несиенің үлесі үш есеге азайған: 2014 жылы 31,4% болса, 2024 жылы небәрі 10,6%-ға дейін қысқарды. Бұл көрсеткіш банктердің өз қаражатын нақты өндіріс пен бизнесті қолдаудан гөрі басқа бағыттарға жұмсайтынын айқындайды.

Банктерді бюджет есебінен қолдау тәжірибесі ұзақ уақыт қоғам сынына ұшырап келеді. Себебі мұндай қолдау салық төлеушілердің ақшасы есебінен жүргізіледі. Сондықтан жаңа заң жобасы халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, мемлекеттің қатысуын шектеуге бағытталған.

Сонымен қатар жаңа заң жобасында банктерге екі түрлі лицензия беру тәртібі енгізілетіні жазылған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында банктер туралы жаңа заңды әзірлеуді тапсырған болатын. Мәжілісте таныстырылған құжат 2025 жылдың соңына дейін қабылдануы тиіс.

Қазақстанда төрт банк мемлекеттен алынған қаржылай көмекті әлі күнге дейін толық қайтарған жоқ. Қазіргі таңда олардың мойнындағы қарыз көлемі 1,4 трлн теңге болып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз