Алматы маңындағы Фурманов шыңында көпшілікке жақсы таныс әткеншек қайта ашылды

Алматы облысында орналасқан Іле-Алатау ұлттық паркінің аумағындағы Фурманов шыңының етегінде (2 524 м) көпшілікке жақсы таныс әткеншек қайта жаңғыртудан кейін халық игілігіне берілді. Бұл нысан ұзақ жылдар бойы алматылықтар мен туристер үшін таудағы ең тартымды орындардың бірі болып келген.
Жаңғырту жұмыстары ұлттық туристік жоба аясында жүргізілді. Алматы қаласы Туризм басқармасының хабарлауынша, құрылыс барысында тіреуіштер жаңартылып, вандалға төзімді әрі экологиялық материалдар қолданылған. 500 келіге дейін салмақ көтеретін жаңа орындықтар орнатылып, аумақ толықтай абаттандырылды. Жаңа демалыс орындары мен табиғи ландшафтпен үйлесетін шағын сәулет нысандары пайда болды.
Жаңартылған әткеншек бұрынғыдай ерекше атмосферасын сақтап, енді қауіпсіз әрі қолайлы демалыс орнына айналды. Туризм басқармасы тауға келген қонақтарды абай болуға және нысанға ұқыпты қарауға шақырды.