Қазақстандықтар тоғыз айда 34 млрд теңгесінен айырылды

Жыл басынан бері елімізде 16 500-ден астам интернет алаяқтық дерегі тіркелді. Былтыр 22 500-ден аса жағдай анықталған. Бұл туралы Kursiv.Media тілшісіне ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басқармасы бастығының орынбасары Бейбіт Біржанов айтты.
Былтыр азаматтар алаяқтардың шотына 45 млрд теңгеден астам қаржы аударған. Ал биыл 9 айда 34 млрд теңгесінен айырылды.
Маманның сөзінше, биыл тіркелген алаяқтық дерегінің 3 500-ден астамы ғана ашылған. Нәтижесінде 1 200-ден астам күдікті қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Қылмысты анықтаудағы басты қиындық
Біржанов интернет алаяқтық құрбаны болғандардың құқық қорғау органдарына дер кезінде жүгінбейтінін айтады.
«Қылмысты ашудағы басты қиындық – азаматтардың кеш хабарласуы. Азаматтар бір аптадан, тіпті бір айдан кейін ғана өздеріне қатысты алаяқтық жасалғанын толық түсінген соң полицияға жүгінеді», – дейді маман.
Алаяқтар қалай әрекет етеді?
Күдіктілер интернеттегі әрекетін жасыру үшін әртүрлі тәсілдерді қолданады. Оның ішінде шетел нөмірін, есепшотын пайдаланады. Сондай-ақ үшінші тұлғалар арқылы ақша шығару, криптовалютаға айналдыру және қаражатты шетелге шығару, байланыс кезінде аноним құралдарын пайдалану арқылы әрекет етеді. Мұның бәрі тергеу мен қылмысты ашу процесін қиындатады.
Интернет алаяқтық құрбаны болатындар кім?
Қылмыстың жасалу тәсіліне байланысты жасы, жынысына қарамастан, кез келген адам алаяқ құрбаны болуы мүмкін.
Қаражатты бақылау құралдары
Азаматтан интернет-алаяқтық фактісі бойынша арыз түскеннен кейін бірден толық жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіледі. Қылмыс банк қосымшасымен ақша аудару арқылы жасалса, Ұлттық банкпен бірлесіп жүзеге асып жатқан антифрод-орталығы жобасы қолданылады.
Оның көмегімен жәбірленушінің ақшасы аударылған шот, барлық шоты бұғатталады. Осылайша, екінші деңгейлі банктер арқылы жәбірленушіден бастап, қаражатты қабылдаған дропперлерге дейін толық бақыланады. Бұл жағдайда банктер ақпаратты бірден береді.
Телефон арқылы жасалатын алаяқтық кезінде абоненттік нөмір кімге тіркелгені, қай жерде тұратыны, алаяқ атынан қоңырау шалған тұлғалар анықталады.
Маман келешекте бұл салада жасанды интеллектіні қолдану да жоспарланып отырғанын айтты.
Шет елдермен байланыс орнатылған
Қазақстан ұлттық байланыс пункті арқылы 109 мемлекетпен ынтымақтасады.
«Біз шет мемлекеттерден келген сұрауларға жауап береміз, сондай-ақ қылмыстарға қатысты өз тарапымыздан сұраулар жолдаймыз. Негізінен Украина және Ресей бағытымен жиі жұмыс істейміз», – дейді Бейбіт Біржанов.
Жиі кездесетін алаяқтық түрі
Қазір ең кең таралған түрі – өзін банктің қауіпсіздік қызметкері немесе құқық қорғау органы өкілі ретінде таныстырып, азаматтарға қоңырау шалу. Азаматтарға олардың шоттарына кибершабуыл жасалып жатқаны айтылады. Сөйтіп барлық қаражатты «қауіпсіз» шоттарға аударуын сұрайды. Мұндай шоттар шын мәнінде жоқ, ақша дроппердің шотына түсіп, кейін алаяқтарға кетеді.
Екінші деңгейлі банктер де, құқық қорғау органдары да телефон арқылы мұндай операцияларды жүргізбейді.
Дроппер деген не екенін мына жерден оқи аласыз.