Газа секторы: Израиль шабуылынан 70 шақты адам қаза тапты (фото)

16 қыркүйек, сейсенбі күні Израильдің Газа секторындағы шабуылынан кем дегенде 68 адам қаза тапты. Бұл туралы Kursiv.Media Әл-Жазира телеарнасы мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Израиль әскерінің Газа секторына сейсенбіде басталған шабуылынан зардап шеккендер саны артып келеді. Әл-Жазира дерегінше, таңертеңнен бері өңірде кем дегенде 68 адам қаза тапты. Телеарна осындай мәліметті жергілікті ауруханалардан алған.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, елудан астам адам Газа қаласында мерт болған. Соның ішінде 20 адам шаһардың Дарадж ауданында көз жұмған.
Палестиналықтар Израиль шабуылынан ғана емес, аштықтан да қырылып жатыр. Телеарна бүгін үш адам аштықтан өлгенін хабарлады.


БҰҰ-ның оккупацияланған Палестина аумағын зерттейтін халықаралық тәуелсіз комиссиясы Израиль әрекетін «геноцид» деп бағалады.


Израильдің 2023 жылғы қазанда Газа секторында бастағанын соғысынан кем дегенде 64 964 адам қаза тауып, 165 мың адам жараланған. Тағы мыңдаған адам үйінді астында жатыр деген болжам бар. 2023 жылғы 7 қазанда Израильге жасалған шабуылдан 1139 адам мерт болып, 200-ге жуық адам тұтқынға түскен.