ЕАДБ болжамы: Ұлттық банк 2026 жылға дейін базалық мөлшерлемені өзгертпейді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media архиві

Қазақстан экономикасы соңғы айларда қарқынды өсіп келеді. Дәл осы тұрақты өсім Ұлттық банкке базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде 2026 жылдың алғашқы тоқсанының соңына дейін сақтауға мүмкіндік береді. Мұндай болжамды Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) сарапшылары жариялады.

Тамыз айында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төртінші рет 16,5% деңгейінде қалдырған болатын. Себебі сыртқы факторлар әлі де бағаға қысым түсіріп отыр. Әлемдік азық-түлік бағасының шарықтауы мен Ресейдегі жоғары инфляция – соның айқын мысалы. Мұндай құбылыстар Қазақстандағы баға деңгейіне де тікелей әсер етеді.

Сарапшылардың айтуынша, халықтың инфляцияға қатысты болжамы өзгерген. Егер маусымда жылдық күтулер 12,6% болса, шілдеде ол 14,2%-ға дейін көтерілген. Бұл қоғамдағы алаңдаушылықтың артып келе жатқанын білдіреді.

Инфляцияның қазіргі жағдайы

2025 жылдың тамызында инфляция 12,2%-ға жетті. Оған себеп – азық-түлік (11,7%) пен ақылы қызметтердің (15,3%) қымбаттауы. Әсіресе ет пен өсімдік майынң бағасы рекорд орнатып, қазақстандық нарыққа әсер етті. Тұрғын үй-коммуналдық қызмет пен көлік тарифтерінің өсуі де халықтың қалтасына қосымша салмақ салды. Бұған қоса, теңгенің бір ай ішінде 5%-ға әлсіреуі импорттық тауарлардың бағасын көтеріп жіберді.

Дегенмен, ЕАДБ сарапшылары бұл қысым уақытша құбылыс деп санайды. Жыл соңына қарай инфляция бәсеңдеп, 11,9% деңгейінде тұрақтауы мүмкін деген болжам бар.

Алда не күтіп тұр?

Сарапшылардың айтуынша, экономиканың басты тірегі – инвестициялық белсенділік. Бұл үрдіс жыл соңына дейін жалғасады. Бұған Ұлттық инфрақұрылым жоспардың іске асуы және шикізаттық емес салаларды қолдауға бағытталған мемлекеттік шаралар түрткі болмақ.

Сонымен бірге, Теңіз кен орнында жаңа өндіріс қуаттарының іске қосылуы мұнай бағасының төмендеуін теңестіріп, тау-кен өнеркәсібінің дамуына серпін береді.

Бұған дейін өаржыгелер қауымдастығы сараптамалық орталығының сауалнамасына қатысқан қаржы нарығының кәсіби өкілдері жыл соңына дейін базалық мөлшерлеме өсіп, теңге құнсыздануы мүмкін деп пікір білдірген.

Сондай-ақ оқыңыз