Алматы облысындағы тұрмыстық қалдық полигонындағы өрт әлі сөндіріліп жатыр

Алматы облысы, Алатау қаласына қарасты Али ауылының маңында жатқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында өртті сөндіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
Өрт 15 қыркүйекте басталған. Өрт ошағының бір бөлігі тереңде орналасқан, тіпті 10 метрге дейін жетеді. Сондықтан бықсып жану әлі де сақталуда.
Сонымен қатар, полигон беті тұрақсыз болғандықтан, опырылу қаупі бар, осыған байланысты ауыр техниканың қозғалу мүмкіндігі шектеулі.
Өртті сөндіруге Алматы облысы мен Алматы қаласының ТЖД-нің шамамен 150 қызметкері және 70-тен астам техникасы, сондай-ақ Ұзынағаш ауылындағы 28237 әскери бөлімі, «Қазселденқорғау» мекемесі, Алматы қаласы ТЖМ Құтқару қызметі, полиция департаменті мен жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылған, – делінген хабарламада.
Қызыл жалынды ауыздықтауға қосымша күш ретінде ТЖМ тарапынан өртке қарсы сорғы станциялары, апаттық-құтқару көліктері, бульдозерлер, тралдар және басқа да арнайы техникалар жіберіліп жатыр.