Кеңес одағының төлқұжатымен 35 жыл өмір сүрген әйел табылды

Кеңес одағының төлқұжатымен 35 жыл өмір сүріп келген әйел табылды. Қостанай облысының Қазанбасы станциясында ерекше жағдай тіркелді.
Бұл «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры хабарлады. «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы жобасының мамандарына әйел адам жүгінген.
Ол осы уақытқа дейін КСРО төлқұжатымен өмір сүріп келіпті. Ешқашан мемлекеттік органдарға жүгінбеген екен. Кенет оның денсаулығы нашарлап, дәрігерлердің көмегі қажет болған.
Алайда медициналық мекемелер жоқ елдің құжатымен өмір сүріп жатқан тұрғынды қабылдаудан бас тартқан. Жаңа құжаттарды өз бетінше рәсімдеуге жасаған талпыныстары да сәтсіз аяқталды.
Осы орайда пойыздың медиаторы мен заңгері қол созды. Шолпан Шалғазина Қостанай облыстық Адам құқықтары бюросына, Бас прокуратураға және ІІМ-ге ресми өтініш жолдады. Архивтен тұрғын туралы мәліметтер табылып, оған ресми түрде құжаттар берілді.
Дәрігерлердің тексеруі әйелде онкологиялық ауруды растады. Құжаттарының рәсімделуі арқасында ол облыстық ауруханаға емделуге жолданды.
Мұның алдында 7 жыл іздеуде болған құқық қорғау органының экс-қызметкері Түркиядан табылған еді.