Алматыда құны 344 млн доллар болатын Carlsberg зауыты салынады

Алматы облысында Carlsberg Kazakhstan компаниясының алкогольсіз сусындар шығаратын зауытының құрылысы басталды. Бұл туралы Kazakh Invest хабарлады.
Жаңа зауыттың іргетасын қалау рәсіміне Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов, үкімет пен облыс әкімдігінің өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері, сондай-ақ Carlsberg Group пен PepsiCo басшылығы қатысты.
Кәсіпорын Алматы облысының Іле ауданында 17 гектар аумақта салынады. Жаңа өндіріс жылына 1 млрд литр сусын шығаруға қауқарлы болады. Жобаның инвестиция көлемі — 344 млн АҚШ доллары.

Зауыт іске қосылғанда 230-дан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Өнім PepsiCo лицензиясы бойынша өндіріліп, Қазақстан мен Қырғызстан нарығына жеткізілмек. Кәсіпорынның 2026 жылы пайдалануға берілуі жоспарланып отыр.
«Carlsberg Group-тың Қазақстанда жұмыс істеген жылдарында шамамен 640 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынды. Инвестиция көлемі 344 млн доллар болатын жаңа жоба компанияның ұзақ мерзімді ниеттерін растайды және өңірдің тамақ өнеркәсібін дамыту драйверіне айналады. Зауыттың іске қосылуы жүздеген жұмыс орнын құрып, жергілікті шикізатты пайдалануды кеңейтеді және елдің экспорттық әлеуетін арттыруға үлес қосады», – деді Ғабидолла Оспанқұлов.
Компанияның сатып алу құрылымындағы жергілікті қамту үлесі 80%-ға жетеді. Оған арпа, бидай, алюминий құты, әйнек бөтелке, картон секілді өнімдер кіреді, олар дерлік толықтай қазақстандық өндірушілерден алынады.
Даниялық Carlsberg Group-тың Қазақстанда жаңа жоба бастайтыны жайлы былтыр қыста хабарланған еді. Компанияның орталық және Шығыс Еуропа бойынша бірінші вице-президенті Ларс Леманн зауыт өнімдері тек Қазақстан емес Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Армения нарығына экспорттауға ниетті екенін айтқан.