Жалақы өссе де, өмір қымбат: қазақстандықтардың нақты табысы артпай отыр

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында қазақстандықтардың жалақысы өскенмен, оның шынайы құны артпады. ТМД статкомитетінің дерегіне қарағанда, елдегі нақты жалақы индексі 100,3%-ды құраған. Яғни халықтың сатып алу қабілеті өткен жылғы деңгейде қалып қойған. Бұл – ТМД елдері арасындағы ең төменгі көрсеткіш.

Finprom.kz сараптамасы бойынша, ТМД елдері арасында нақты жалақы өсімі бойынша Тәжікстан көш бастап тұр. Бұл елде жалақының нақты өсімі 119,9%-ға жетсе, Беларусь пен Қырғызстан шамамен 111%-ды құрады. Ең төмен нәтиже Қазақстаннан бөлек, Арменияда (102,4%) және Ресейде (103,8%) тіркелген.

Қазақстандағы орташа айлық еңбекақы бірінші жартыжылдықта 10,7%-ға өсті. Бұл, әрине, аз емес, бірақ Ресей (14%) мен Өзбекстанның (17%) қарқынынан төмен. Ал Тәжікстандағы жалақы өсімі тіпті 24%-дан асты. Дегенмен, олардың орташа айлығы небәрі 264 доллар болса, Қазақстанда — 849 доллар.

Инфляция – тежеуші күш

Нақты табыстың өспеуіне басты себеп – инфляцияның шарықтауы. 2025 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда тұтыну бағалары 7%-ға көтеріліп, ТМД елдері арасында ең жоғарғы деңгейге шықты. Бұған теңгенің әлсіреуі мен коммуналдық тарифтердің қымбаттауы түрткі болды.

Маусым айында, әсіресе, қызметтер құны бір жылда 16,1%-ға қымбаттады Бұл – бүкіл ТМД бойынша ең үлкен көрсеткіш. Ал азық-түлік Ресейде қатты қымбаттаған.

Халықтың жағдайына әсер ететін тағы бір фактор – ең төменгі жалақы. Қазақстанда ол соңғы рет 2024 жылдың басында өсіп, 85 мың теңгеге жеткен. Содан бері өзгерген жоқ. Инфляцияны ескерсек, оның құны керісінше азайды. Қазір Қазақстанда бір миллион адам 85 мың теңге айлыққа күн көреді.

Сондай-ақ оқыңыз